«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы

  • ЖАҢАРУ
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы
Заседание Общественной палаты  при Мажилисе Парламента Республики Қазақстан 29.01.2024

2024 жылғы 26 қаңтар күні Астана қаласында, Мәжіліс үйінде VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланды.

 Жиналысқа «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Төрағасы М.З. СЕМҒАЛИЕВ қатысып, сөз сөйледі.

 М.З. СЕМҒАЛИЕВ өз сөзінде төмендегіні атап өтті:

- Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дайындаған заң жобасын біз қолдаймыз, себебі біз оны Үкіметтің қоғамның сұранысына сай тағы бір қадамы деп қабылдаймыз. Өйткені, бұл заң жобасындағы ұсыныстар көптен бері қоғамда талқыланып жүрген пікірлерді негізге ала отырып жасалғандығы көрініп тұр. Яғни, қоғамдағы жағдайлар мемлекетіміздің оң назарында. Бұл билік пен қоғам арасындағы сенімдікті нығайтады. Сондықтан, осы жоба Парламентте талқылаудан ашық түрде өтіп, тез арада қабылданады деген үміттеміз;

- сотталған сыбайлас жемқорлардың мемлекеттік тізімін жариялау керек деп біз бес жылдан бері айтып та жариялап та жүрміз. Ал енді осы позициямыз заң арқылы іске асатынына қуанып отырмыз. Тізімде «шортандар» мен «шабақтардың» жігін айырып бөлек-бөлек бөліп қойған дұрыс болар. Әйтпесе, мыңдаған қылмыскерлер тіркелген тізімнің ішінен бірінші басшылар, саяси қызметшілер көрінбей қалуы мүмкін;

- «мүдделер қақтығысы» туралы толықтыру өте маңызды деп есептейміз. Бұл ретте назар аударатын мынандай мәселе бар. Қазақ ұлты негізін құрап отырған Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, «мүдделер қақтығысы» атты құбылысты тудыратын туысқандық, қайын жұрттық, нағашылық, рулық, жерлестік, жолдастық мүдделері деген сияқты, ерекшеліктері бар. Сондықтан, «мүдделер қақтығысының» аясына кімдер кіреді, «мүдделер қақтығысы» қай жағдайда басталады және қай кезде аяқталады деген мәселелерді нақтылап алу керек;

- жиналысқа беделді, елдің мүддесін белсенді түрде қорғап, халық пен мемлекет арасында «алтын көпір» болып жүрген Депутаттар қатысып отыр. Соны ескере отырып, талқыланып жатқан заң жобасына кірмеген, бірақ кезегі келседе шешуі кешеуілдеп жатқан екі мәселені көтергім келеді:

Бірінші. Қоғамда мынадай әңгіме жиі айтылып тұрады. Мысалы, жемқорды ұстады, соттады. Содан кейін ол мемлекеттік қызметке, жоғары лауазымдарға орналаса алмайды, абыройдан айрылады, қысқасы, жақсы өмір сүре алмайды деп есептеледі. Бірақ, оның отбасы, балалары жымқырылған ақшаның пайдасын көрді, бизнес ашты, шетелде оқыды, сол жақта үй алып біраз тұрды. Былайша айтқанда рахаттанды. Сосын, олар ертең мемлекет қызметіне орналасып, басқа да азаматтармен бірдей мүмкіншілік алады. Бұл әділетсіздік! Сондықтан жемқордың айналасында болып, сыбайлас жемқорлықтан пайда тапқандардың бәріне мемлекет қызметіне орналаса алмайтындай тосқауылдар белгіленіп қойылу керек деген қоғамда пікір бар!

Екінші. Біздің «ЖАҢАРУ» қозғалысы тарапынан төрт жылдан бері Қазақстан Республикасының Парламентінің палаталарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы заңнаманың жүзеге асырылуы жөніндегі мәселелер бойынша Парламенттік тыңдаулар өткізу туралы ұсыныстар жолданып келеді. Алайда, өкінішке орай, тәуелсіздік алғалы, осы тақырыппен Парламенттік тыңдау әлі бірде рет өткізілген жоқ. Бүгінгі кеңеске қатысып отырған Үкімет пен мемлекеттік органдарға сөзі өтетін Депутаттар осы екі ұсынысты жүзеге асыруға атсалысады деп үміттенеміз;

- сыбайлас жемқорлық атты қоғамдық дертпен күресіп, тамырына балта шабамыз десек, қатаң, ал кей кезде тіпті қатыгез шараларды қолдану керек деп санаймыз.

Коррупциямен күресу өте қиын, оны тек заң күшімен жеңе алмаймыз.

Сыбайлас жемқорлықты сана-сезімді өзгерту арқылы ғана жоя аламыз!

Сыбайластық жасамайтын, жемқорлыққа бармайтын қоғамдық сананы қалыптастыруға ел ішінде, әсіресе жастар арасында оқу-тәрбиені, үгіт-насихатты қарқынды жүргізу арқылы жетуге болады.

Осы мақсатқа жету жолында біздің Бірлестік жастардың сауаттылығын арттыру мәселелерімен мемлекеттік органдармен бірлесіп айналысудамыз. Қазіргі кезде Бірлестік «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына  сенім деңгейін арттыру іс-шаралар кешенін өткізу» атаулы Әлеуметтік Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамның қолдауымен жүзеге асыруда.

 Сөз соңында М.З. СЕМҒАЛИЕВ «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан айтылған ұсыныстарын қолдауды сұрады.IMG-20240126-WA0039.jpg

 

IMG-20240129-WA0007.jpg

«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі


Тізімге оралу