06.11.2026
«САЛАУАТТЫ ӨМІР – ТАЗА САНА: ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ СПОРТТЫҚ ШАРА
2026 жылғы 5 қарашада Ақтөбе қаласында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалының «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында спорттық шара ұйымдастырылды.
Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің спорт кешенінде өткен шараның мақсаты - жастар арасында салауатты өмір салтын, әділ бәсекелестік пен командалық бірлікті насихаттау, спорт арқылы адалдық, тәртіп және өзара құрмет қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саналы көзқарас қалыптастыру.
Іс-шара аясында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің студенттері арасында волейболдан жарыс өткізілді. Спорттық сайыс барысында қатысушылар өздерінің командалық ұйымшылдығын, шапшаңдығы мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарыс жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтының маңыздылығын насихаттауға бағытталды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген Жаңабай Жандос Кеңесұлы спорттың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, салауатты өмір салтын ұстану, тәртіп пен жауапкершілікті сақтау әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар спорттағы әділ бәсекелестік пен адалдық қағидаттарының күнделікті өмірде де маңызды екенін жеткізді.
Келесі болып сөз сөйлеген Тастаева Назгүл Жақсыбайқызы жастарға арналған бағдарламаның негізгі бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Ол жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, өзара қолдау көрсетуі, құқықтық сауаттылығын арттыруы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да белсенділік танытуға шақырды.
Шара барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу және адалдық қағидаттарын ұстану жөніндегі ақпараттық брошюралар таратылды. Іс-шараның спорттық және ақпараттық бағытта ұйымдастырылуы жастарға салауатты өмір салты мен құқықтық мәдениеттің өзара байланысын түсіндіруге мүмкіндік берді. Қатысушылар спорттағы әділдік пен тәртіптің қоғамдағы адалдық қағидаттарымен сабақтас екенін ұғынды.
Қорытындылай келе, мұндай спорттық шаралар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, әділдік, тәртіп және командалық бірлік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Спорт арқылы адалдықты насихаттау – құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Жеңімпаз командалар марапатталып, кубок пен медальдар табысталды.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі









