02.11.2026
«АДАЛ ОЙЫН – ӘДІЛ ҚОҒАМ!»
Ағымдағы жылдың 23 қазанында Ақтау қаласының «№21 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы аясында мектеп оқушылары арасында футболдан жарыс өткізді.
Аталған спорттық іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік, өзара құрмет және заңға бағыну сияқты маңызды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Сонымен қатар жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс барысында мектеп оқушылары өздерінің спорттық шеберліктерін, командалық бірлігін, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Қатысушылар үшін футбол алаңы тек спорттық бәсекенің орны ғана емес, сонымен қатар әділдік пен адал бәсекелестіктің үлгісіне айналды.
Іс-шара аясында құқықтық ағарту жұмыстары да жүргізілді. Оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсері, оның алдын алу жолдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы ақпараттық буклеттер таратылды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен қатысушылар марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталып, олардың белсенділігі мен спорттық жетістіктері атап өтілді.
Бұл іс-шараның негізгі ерекшелігі – спорт пен құқықтық тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпаққа адалдық пен әділдіктің маңызын жеткізу. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек заңмен шектелмейді. Ол ең алдымен әр адамның санасынан, тәрбиесінен, адал ұстанымы мен азаматтық жауапкершілігінен басталады.
Бүгінгі адал ойын – ертеңгі әділ қоғамның негізі. Жастардың бойында парасаттылық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі
