Республиканское общественное объединение
«Общенациональное движение против коррупции «ЖАҢАРУ»

ОРТА ТҮЗЕР ОЙЫҢДЫ, ОЙЫҢ ТҮЗЕР БОЙЫҢДЫ

ОРТА ТҮЗЕР ОЙЫҢДЫ, ОЙЫҢ ТҮЗЕР БОЙЫҢДЫ 28.03.2024

 Абай бабамыздың осынау даналығын ұстанған “ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс” республикалық қоғамдық бірлестігі Астана халықаралық университеті ұжымында келелі жиын өткізді.
    Дөңгелек үстел басында “Жаңа Қазақстанда не себепті әлі күнге дейін құқықтың қорғалуына күмән туып отыр?
    Неге сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік көбінесе құқық қорғау органдарына ғана жүктеледі?
    Жемқорлыққа мойын бұрып үйреніп қалған қоғамды қалай түзеуге болады? – сынды өткір сұрақтар кеңінен әрі ашық талқыланды.
    Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында нақтыланған құндылықтар - әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп төңірегінде сыни пікірлер айтылып, қарапайым нәрселерді өзгертуді әркім өзінен бастауға уағдаласты. Шын мәнінде, “Жаңару” республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекеттік органдарда ғана емес, қоғамның барлық саласына дерлік дендеп енген жемқорлықпен күресуде зиялы қауымның, зерек жастардың озық бөлігінің ортасында жиірек болып, ағартушылық миссиясымен қоса заң шығарушы, атқарушы орындарға тиісті ұсыныстар жолдауды мықтап қолға алып отыр. Дабыра етпей-ақ, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру арқылы қоғамды өзгерту жолдарын насихаттап, адал адам құқығын қорғауға атсалысуда.  Өркениетті елдегі сияқты бізде де жұрттың бәріне бірдей құқық беру, адал еңбек етіп, адал табыс табу - демократияның өлшемі болуға тиіс. Еліміздегі түрлі еңбек ұжымарында болып оның жақсы жақтарын алу, тиімді шешімдерін қолдау - ұлттық құндылықтарды сақтау жолында нақты қадам болмақ.
      Айталық, жоғарыда аталған университеттің Құқық жоғары мектебінің 2-курс студенті Наргиз Сәрсенова
     “Құқық қорғау органдарына қатысты қоғам мен жастардың нигилизмі, оны шешу жолдары”атты баяндамасында көптің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Ол замандастарының девиантты мінез-құлқына құқықтық нигилизм әсерінің жойқын екендігін алға тартты.
     Негізінде, құқықтық нигилизм деген - құқықты мойындамау, құқықтық мәдениетке қарсылық таныту екендігі белгілі. Ал оның мәні - сенімсіздік пен күмән, заңдарға, құқық қорғау органдары мен билік тармақтарына деген теріс көзқарастың салдары.
      Асыл дінімізде күмәнді ой да күнә болады, ол халықтың ой-санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, сонымен қатар халық пен биліктің қарым- қатынасына айтарлықтай әсер етеді.
Өкінішке қарай, жастардың көпшілігі, өскелең ұрпақ өз құқықтары мен міндеттерін біле бермейді. Бұл заңды бұзуға әкеліп соқтырады. Оның үстіне, құқықтық институттарға, сот төрелігінің бейтараптығына да сенімсіздік орнағаны жасырын емес. Оны өзгертуге баршамыз мүдделіміз. Соның ішінде, БАҚ өкілдері құқық қорғау органдарының әділдігін, қызметтік міндеттеріне ашықтығын оң тәжірибелері арқылы көрсете алар еді. Әйтпесе, кезінде көрсетілген “Арман” (Когда ангелы спят”) сияқты жемқорлықты жарнамалайтын, түсініксіз фильмдердің экранға шығуы көрермен санасында кері әсер тигізгені де рас.
      Мысалы, құқықбұзушылық жасаған уақытта патрульдік полиция қызметкерімен келісіп, мәселе шешуі немесе лауазымды тұлғалардың өздері, жақындары заңды жауапкершілікке тартылмай, құтылып кетуі жастар арасында құқықтық нигилизмнің туындауына себеп болып, өршуіне жағдай жасайды. Осының бәрі құқықтық мәдениеттің деңгейін көрсетеді.
      Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша елімізде жасөспірімдер қылмысы 11 пайызға өскен.
      Кәмелетке толмағандар, негізінен, ұрлық, ұсақ ұрлық, тонау, бұзақылық жасайды екен.
Бізге болашақ заңгердің жекелеген ұсыныстары қаперге алуға тұрарлық әрі өміршең көрінді.
      Мысалы, жас балаларға құқық қорғау органдарының мүдделері мен қызметі туралы жалпы мәлімет берген орынды болар еді. Ол үшін мектептер мен құқық қорғау органдарының келісімі бойынша «Ашық есік күнін» жариялап, өткізіп тұрған жөн. Сондай-ақ, қоғамның барлық топтары үшін құқықтық көмек пен консультациялардың қолжетімділігін арттыру, тегін немесе арзан заңгерлік кеңестер желісін кеңейту маңызды.
      Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар табысы төмен азаматтарға тегін немесе қолжетімді заңгерлік кеңес беретін бағдарламалар арқылы жүзеге асыра алады.
Тәжірибелі мамандардың бақылауымен ақысыз кеңес беруге дайын заңгер студенттер мен еріктілерді (волонтерлерді) оқыту бағдарламаларын енгізу артық болмас еді .
      Өзара түсіністік пен сенімді жақсарту үшін құқық қорғау органдары мен қоғам арасында веб-диалог алаңдарын құру керек. Мұндай шаралар құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттырады.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жастарды (жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері, жоғары оқу орындары) тарта отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын тиімді жүргізе алады. .
      Жалпы, құқық қорғау органдарына қоғам мен жастардың оң көзқарасын қалыптастыру - өте өзекті міндеттердің бірі. Өйткені, бұл - қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы жауапкершілік, ынтымақтастық пен серіктестік, қауіпсіздік пен заң үстемдігін сақтаудың кілті болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда айтқандай,
“Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз.
      Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз - әділдік, тірегіміз - жауапкершілік, мақсатымыз - өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді”.

Дархан МЫҢБАЙ


WhatsApp Image 2024-03-27 at 17.51.28 (1).jpeg


Возврат к списку