Республиканское общественное объединение
«Общенациональное движение против коррупции «ЖАҢАРУ»

Жемқорлыққа қатысты көрсеткіштер көңіл көншіте ме?

Жемқорлыққа қатысты көрсеткіштер көңіл көншіте ме? 01.02.2024


Жемқорлық жер жаһанның жегі құртына айналды.

Жыл сайын әлем экономикасы параның кесірінен шамамен 3 трлн доллардан айырылады. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі.

Ашығын айту керек, біздегі жағдай да мәз емес. Түйткілді теңгемен шешіп, айыпты ақшамен жабуға құмарлық әлі басым. Алайда сарапшылардың айтуынша, соңғы жылы елде жемқорлыққа қатысты қылмыс біршама азайды. Бұл – жауаптылардың енжарлығынан ба, әлде соқыр статистиканы қуалау саясаты тоқтады ма?

Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарды сөзге тартып көрген едік. Олардың айтуынша, «соңғы уақытта Антикор майшабақтармен күресті доғарып, жоғары лауазымды басшыларды әшкере қылуды бастапты». Айран ішкендер тұтылып жатқан соң шелек жалайтындар да айылын жия бастады. Осы себеппен сарапшылардың көрсеткішке көңілі тоқ.

Бірақ әлемдік рейтингте әлі көш соңынан шыға қойған жоқпыз. Оның үстіне тәуелсіз мамандардың сын-ескертпесі көп. Елдің қазіргі ахуалы қандай? Нені түзеп, жұмысты қай бағытта ширату қажет?

«Жемқорлық – індет, күресу – міндет». Талқылайтын мәселенің тақырыбын осылай қойдық. Бірақ біз осы міндетімізді мінсіз атқарып жүрміз бе? Алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің дерегіне көз жүгіртейік.

Былтырғы 10 айда құзырлы орган жемқорлыққа қатысты 1500-ге жуық қылмыс тіркеп, 1100-ден астам адамның ісін әшкереледі. Оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар.

Яғни, бармақ басты, көз қысты әрекетпен ұсталған лауазымды тұлғалар көп. Осы басшылар мен олардың қосшыларын қудалап жүріп, агенттік жүздеген млрд-ты сақтап қалыпты.

Агенттік басшысының айтуынша, былтыр сотқа мыңнан астам іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелді. 2022 жылдан бері бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны шамамен 857 миллиард теңге қайтқан. Демек құзырлы органның қыралығы болмағанда осынша қыруар қаржыдан көз жазып қалар едік.

Былтыр қарашада Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Мемлекет басшысының қабылдауында болған еді. Сол кездесуде мынадай деректер баяндалды.

Асхат Жұмағали, ҚР Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр. Агенттік еліміздің барлық өңірі бойынша бюджеті 2,44 триллион теңгені құрайтын 156 нысан бар екенін анықтады. Азаматтық қоғаммен өзара тығыз қарым-қатынас орнату арқылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта 2 мыңнан астам азамат бұл бастамаға атсалысып жатыр.

Сарапшы Мэлс Семғалиевтің айтуынша, бармақ басты, көз қысты әрекеттің 3 тармағы болады. Олар: тұрмыстық, әкімшілік және саяси жемқорлық. Ең ұшар басындағы саяси жемқорлықты жеңсек, қалғандары өзі-ақ сейіледі. Сондай-ақ қоғамның да иммунитеті күшейеді. Әлгі парақор басшыларды ұстаудың ең негізгі маңызы – осы.

Иә, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жаһан сарапшылары әлі де рейтингімізді көтеруге асық емес. Сол үшін кеселмен күресуді құзырлы органға ғана жүктемей, қалың қараша да бұл іске белсенді атсалысу керек. Ал жауаптылар ақпараттың ашықтығын қамтамасыз еткен жөн. Осы арқылы жемқорлықтың жолын кесуге болады, - дейді сарапшы.

Мэлс Семғалиев, «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысының төрағасы:

- Қоғамды бұл жұмыс қанағаттандырмайды деп ойлаймын. Бұл көрсеткіш аздау. Біз отыздыққа кіруіміз керек. Екіншіден, ашық болу керек мемлекеттік органдар. Жария болу керек. Әр қадамын жария көрсетуі керек.

Иә, мәселені мәмілемен шешетін лауазымды тұлғалардың ісі бір бөлек. Енді қылмыс әлеміне алаяқтар да кіріпті. «Жоғарыда танысым бар» деп сендіретін қаскөйлер мәселені шешу үшін миллиондаған қаржы талап етеді. Мысалы, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде алаяқтық фактісі бойынша 159 іс тіркелді. Оның 40-қа жуығы пара беруге итермелеумен ұштасқан. 133 адам сотталды. Отандастарымыз шамамен 15 млрд теңгені алаяқтардың қалтасына салып берген.

Сондықтан жауаптылар парамен күресуге шақырады. Ол үшін қазір барлық жағдай жасалған. Тіпті істі әшкере етуге көмектессеңіз, сыйақы да аласыз. Мұндай әдісті барлық дамыған ел қолданды. Сөзімізді Сингапурға серпіліс әкелген Ли Куан Юдың мына оймен аяқтайық. «Жемқорлықты жеңгің келсе, достарың мен туыстарыңды темір торға жіберуге дайын бол».

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/item/636702-zhem-orly-a-atysty-k-rsetkishter-k-il-k-nshite-me

 


Возврат к списку