«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Республикалық конференция өтті

Состоялась республиканская конференция 16.08.2024

    2024 жылғы 15 тамызда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі бірігіп «Оқу-ағарту саласындағы құқықтық сауаттылықты дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қаржылық тәртіпті нығайту» атаулы республикалық конференция ұйымдастырды.

Республикалық конференцияға:

- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің орталық аппаратының, ведомствалық және өңірлік  құрылымдарының қызметкерлері, ұстаздар, оқытушылар, мұғалімдер;

- «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық Кеңес мүшелері, өңірлік филиалдарының жетекшілері, қозғалыс белсенділері;

- мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері;

- құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары;

- қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері;

- барлығы 700-ден аса адам қатысты.

   Конференцияны модератор болып «ЖАҢАРУ» РҚБ Төрағасының орынбасары филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Бейбіт Баймағамбетұлы МАМРАЕВ жүргізіп отырды.

Конференцияда келесі тұлғалар жарыссөзге қатысты:

- Еркін Аманжолұлы ӘБІЛ, VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі;

- Максим Анатольевич БАРЫШЕВ, Учет.kz сайтының негізін қалаушы;

- Ерлік Ерсінұлы ИХЛАСОВ, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істері жөніндегі офицері;

- Мэлс Зайноллаұлы СЕМҒАЛИЕВ, «ЖАҢАРУ» РҚБ Төрағасы.

  Еркін Аманжолұлы ӘБІЛ өз сөзінде еңбек пен адалдық Ұлы даланың дәстүрлі құндылықтары екендігін, бағзы замандарда Қазақстанда көп салалы шаруашылықтың болғандығын, ол кездерде қазіргідей құқық қорғау органдарының  және түрмелердің болмағандығын, соған қарамастан  қылмыстарды тәрбие-тәліммен ауыздықтап отырғандығын мысалға келтіре отырып, қазіргі заманда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында тәрбие жұмыстарына басымдылық беру керектігін баса айтты.

  Максим Анатольевич БАРЫШЕВ цифрландыру дәуіріндегі бухгалтерлік есептің ел экономикасына әсерін, цифрлық есептің сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін тиімді тетік екендігін теориялық және практикалық мысалдар келтіре отырып баяндама жасап, бухгалтерлердің заманауи технологияларды игеру қажеттігіне, жас бухгалтерлердің құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру керектігіне назар аударды.

  Ерлік Ерсінұлы ИХЛАСОВ өз кезегінде келесідей баяндама жасады.

  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.

  Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша білім беру жүйесінде миллиардтаған бюджет қаражатын жымқыруға жағдай жасайтын жемқорлық тәуекелдері белгіленді.

  2023 жылдың басынан бері осы салада барлығы 247 қылмыстық іс тіркелген.

  Олар бойынша шығын 15,5 млрд. теңгені құрады.

  Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында жымқырудың ең үлкен сомасы анықталды.

  Қылмыс жасауда 327 адам әшкереленді, оның ішінде 154 адам түрлі жазалау шараларымен сотталды.

  Осы ретте 86 бухгалтер, 17 мектепке дейінгі мекеме басшысы, 13 мектеп және колледж директоры, 4 білім бөлімінің басшысы және т. б. сотталды.

  Қазіргі уақытта 195 бухгалтер, 26 мектеп және колледж директоры, 21 мектепке дейінгі мекеме басшысы, 17 кәсіпкер, 17 білім бөлімінің басшысы тергеуде және күдікті деп танылды.

  Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциялық байланыстарының болмауы бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактілеріне себеп болды.

  Агенттік енгізген ұсынымдарды ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен (Оқу-ағарту, Қаржы, Цифрлық даму министрліктерімен) бірлесіп білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде мынадай шаралар қабылдады:

1) бюджетті жоспарлау процесін цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар жасалған;

2) «Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер қоймасы» пилоттық жобасы енгізілді;

3) Ұлттық білім беру деректер базасын (ҰБДБ) Әділет, Денсаулық сақтау және еңбек министрліктерінің, Құқықтық статистика органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жүргізілді;

4) Ұлттық білім беру деректер базасында «Педагог портфолиосы» модулі әзірленді (білім, денсаулық, біліктілік және т.б. туралы мәліметтері бар қызметкердің электрондық дерекнамасы);

5) «Жоқ жандарды» болдырмау мақсатында білім беру саласының қызметкерлеріне (биометриялық деректер бойынша) баруды тіркеу жүйесін енгізу туралы норма енгізілді.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 4-тоқсанында Агенттіктің бастамасымен еліміздің үш өңірінде (Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстары) қолданыстағы бухгалтерлік жүйелер базасында жемқорлық тәуекелдерін болдырмайтын цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды.

Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процесін толық автоматтандыру мүмкіндігі сәтті сыналды.

Ұйым басшысының бет биометриясы бойынша төлем құжаттарына қол қою, сондай-ақ оларды шифрлау мәселесі пысықталды.

Жалпы айтқанда, жоба өзінің тиімділігін көрсетті.

Жүргізіліп жатқан жұмысты тарату мақсатында Үкіметке барлық өңірлерде сатып алынатын бухгалтерлік жүйелерге параметрлер мен техникалық сипаттамаларды біріздендіру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Бұл ұсыныстар қолдауға ие болды, әкімдіктерге тиісті тапсырма берілді (16 өңірде конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізілді, бухгалтерлік есептің 4 жүйесіне бұрын сатып алынған, қазір олар сәйкестікке келтірілуде).

Енгізілген ұсынымдардың орындалу барысы Агенттіктің бақылауында болады.

Мэлс Зайноллаұлы СЕМҒАЛИЕВ конференция барысында білім беру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы өзінің келесі пайымдарын айтты.

Білім-ілім сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үлкен рөл атқарады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, адалдық және этика саласындағы білім беру бағдарламалары болашақ ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға және оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Олар сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін және оны жазалауға шақыратын қоғам құруға ықпал етеді.

Білім оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зардабынан экономика мен қоршаған орта апатқа ұшырайтынын және оның біздің заманымыздың көптеген әлеуметтік және саяси мәселелерімен байланысты екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, ол болашақ мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлеріне адалдық пен кәсіпқойлықтың ең жоғары стандарты бойынша өз функцияларын орындауды қамтамасыз ететін моральдық межелерді көрсетеді.

Жастарды этикаға үйрету, әсіресе, эндемиялық сыбайлас жемқорлықтың шырғалаңын бұзу үшін пайдалы, өйткені ол жастарды этика мен моральға тәрбиелеуге, яғни мінез-құлықтың әлеуметтік нормаларын өзгертуге көмектеседі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, яғни бағдарламалардың құндылықтары мен идеяларын нығайтатын этикалық білім беру аясында жүзеге асырылуға тиіс.

Мұндай орта бағдарламалардың тиімділігін арттырады, сонымен қатар оқушыларды кәсіби және жеке өмірінде этикалық ортаны іздеуге және оны құруға шабыттандырады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда және парасаттылық идеологиясын ілгерілетуде үкіметтік емес сектор аса маңызды рөл атқарады. 

Бұл бағытта Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – «ЖАҢАРУ»), Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық, «Әділдік жолы», KazBar, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығы, «Жақсылық акселераторы: Ізгілік елшісі» қозғалысы және басқалар белсенді жұмыс істейді.

Мысалы, еліміздің барлық аймақтарында филиалдары бар «ЖАҢАРУ» оқу орындарында, әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарының бөлімшелерінде тұрақты негізде және мақсатты түрде жүйелі іс-шаралар (дәрістер, белгілі тұлғалармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, форсайт-сессиялар, сауалнамалар, бейне-роликтер, рейдтер және тағы басқада жұмыстар) өткізіп отырады.

Бейбіт Баймағамбетұлы МАМРАЕВ конференция барысында өзінің келесі ой-пікірлерін айтып отырды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында мектептік білім беру саласында сыбайлас жемқорлық туралы жарияланымдардың көбейгеніне алаңдаған «ЖАҢАРУ» РҚБ өз филиалдарына 2024 жылдың шілде-тамыз айларында мектептік білім беру саласында болған сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтау бойынша мониторингтік зерттеулер жүргізуге тапсырма берген болатын.

«ЖАҢАРУ» РҚБ филиалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменттерімен және басқа да құқық қорғау органдарымен, тиісті мемлекеттік органдармен һәм ұйымдармен бірлесе отырып мектептік білім беру саласындағы кадр саясатының жай-күйіне, оқыту мен тәрбиенің бірлігі қағидаттарының сақталуына, білім беру ұйымдары басшылары тарапынан жасалған тамыр-таныстықпен жең ұшынан жалғасушылық, парақорлық, ұрлық, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланушылық қылмыстарына, қоғамдық және ата-ана бақылауының жай-күйіне талдау жасады.

Мониторингтік зерттеулер еліміздің 9 облысында (Алматы қаласы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы) жүргізілді.

Филиалдардың мониторингтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша құқық бұзушылықтардың туындауының келесі себептері анықталды:

- сыбайлас жемқорлар нормативтік құқықтық актілердің жетілмегендігін шебер пайдаланады;

- басшылардың жауапсыздығы мен немқұрайлығы;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың болмауы.

Мониторингтік зерттеулер негізінде мектептік білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық туындауының себептерін жоюдың келесі жолдары анықталды:

- мектептік білім беру саласындағы қаржылық мәселелерді шешуге адамның араласпауын болдырмайтын цифрлық технологияларды міндетті түрде қолдануды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

- мектептік білім беру саласындағы басшылардың жауапкершілігін арттыру және немқұрайлығын жою мақсатында атқарушылық тәртіпті ведомстволық бақылау, қоғамдық және ата-аналық бақылау әдістерін жетілдіру;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мақсатында моральдық, материалдық және заңнамалық сипаттағы шараларды пайдалана отырып, мектептік білім беру саласының басшылары мен қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволық тәрбие жұмысының әдістерін жетілдіру.

Бұл кешенді іс-шара «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру іс-шаралар кешенін өткізу» атаулы Әлеуметтік Жобаның аясында өтті.

Аталмыш Әлеуметтік Жобаны «ЖАҢАРУ» РҚБ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамның қолдауымен жүзеге асыруда. 

ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі




WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.23 (3).jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.23 (2).jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.23 (1).jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.23.jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.22 (2).jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.22 (1).jpeg

WhatsApp Image 2024-08-16 at 17.19.22.jpeg


Тізімге оралу