Қасіретті Қаңтар – мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысының салдары
Президент Қасіретті Қаңтардың түп себебі ретінде елде жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен жалпы тоқырау деп атап көрсетті. Ал ықпалды қаскөй топтың өздері ойлап тапқан қосарланған билік орнатуға талпынысы, «тандем» идеясын дәріптеуі – Қаңтар дағдарысын тудырған алғышарттардың бірі еді.
Саяси реформалар 2019 жылдан бері жүзеге аса бастады. Президент Қ.Тоқаев билікке келгеннен бастап елдегі саяси жүйені демократияландыру, қоғамдық еркіндікке жол ашу, экономиканы монополиядан арылту процесі басталды. Президент «осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ» деп ашып айтты. Елдегі өзгерістерді өздеріне төнген қатер деп қабылдаған бұл ықпалды топ өздерінің күштік құрылымдардағы, қылмыстық топтардағы орасан ықпалын пайдаланып, билікті күшпен басып алуға бел буды.
Олар 2021 жылдың ортасынан бастап дайындыққа кіріскен.
Бас прокуратура Қасіретті Қаңтар оқиғасы үш толқынмен өрбігенін анықтады. Біріншісі – Маңғыстау облысында басталған наразылық шерулері басқа өңірлерге жайылды. Орталық және жергілікті билік өкілдері келіссөздер арқылы мәселені шешуге тырысса да, нәтиже шығара алмады.
Екінші толқында жоғары лауазымды тұлғалардан құрылған қаскөй топ осы наразылық шерулерін пайдаланып, аймақтарда алғашқы қақтығыстарды ұйымдастыруға кірісті. Бірақ бұл кезеңде құқық қорғау органдары сабыр сақтап, күш қолданған жоқ еді.
Үшінші толқында қылмыстық топтар шындап іске кірісіп, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластыруға күш салды. Бұл қылмыстық топтардың лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы болғаны анықталды. Лаңкестер ұрып-соғу мен тонау, қирату мен өртеумен ғана шектелмей, Алматы мен бірнеше облыс орталықтарында мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Осы күндері 3 мыңнан аса автомат, пулемет, гранатомет т.б. атыс қарулары қолды болып, экономикамызға 3 миллиард долларға жуық шығын келді.
Қасіретті Қаңтар – аса ықпалды қаскөй топтың экстремистер, қылмыстық топтар мен әсіре діншілдердің көмегімен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған талпынысының салдары. Олардың мақсаты – елдің іргесін шайқап, билікті басып алу болатын.
Президент Қаңтар оқиғасы кезінде елімізді құрдымға кетуден сақтап қалу үшін «барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым» деді. Осы күндері Ақордаға шабуыл жасау қауіп төніп, Президентті елден кетіруге талпыныс жасалды. Екі апта бойы Президент күн-түн демей Ақордада жиын өткізіп, мемлекетті сақтап қалуға бар күшті жұмылдырды.
Осындай жағдайда Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Бітімгерлік күштер лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Олар аэродром, жылу электр орталығы, телекоммуникация ғимараты сияқты маңызды нысандарды күзетті. Құрылым жасағы Қазақстанға ешқандай талап қойған жоқ және келіскен мерзімнен бұрын елден шығарылды. Атап айтарлығы, 2022 жылы бұл ұйымның төрағасы Армения еді. Ал биылғы төрағалық – Қазақстанда.
Қаңтар оқиғасы кезінде арандап қалған, бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-іне Президенттің бастамасымен рақымшылық жасалды.
Елдегі түбегейлі саяси жаңғыру үдерісі жалғасады
Қасіретті Қаңтардың сабағы – Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру қажет екені.
2019 жылы бері суперпрезидентке тән өкілеттіктер жойылып, конституциялық реформа жүзеге асты. Сайлау жүйесі, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Конституциялық сот қайта құрылды. Реформаның басты мақсаты – барынша әділ және теңгерімді саяси жүйе құру.
Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің сақталуын толық қамтамасыз ету. Бейбіт шерулерге тыйым салынбайды, бірақ жаппай тәртіпсіздіктің кез келгеніне тосқауыл қойылады. Елде заң мен тәртіп қана үстем құрады.
Ең бастысы, «ескі жүйе келмеске кетті», саяси реформалар түбегейлі сипатқан енді.
Ұлттық мүдде – басты назарда
Президент биыл өткен тарихымызды түгендеп, ұлттық рухымызды көтеретін жыл болатынын баса айтты.
Мемлекет ұлттық тарихымызды түгендеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі ауқымды зерттеу жұмыс аяқталды.
Тарихшылардың есебінше, ұлу жылы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толады. Қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалауға негіз болған ұлыстың тарихына терең зерттеулер қолға алынады.
Президент Қ.Тоқаев тарихи даталарды атап өту – той тойлауға емес, ұлттық сананы жаңғыртып, ұрпақ тәрбиелеуде ой қорыту керек екенін айтып жүр. Биыл Президент тапсырмасымен әзірленген Қазақстан тарихының көптомдығы жарық көреді. Бұл ауқымды жұмысқа 200-ден аса жергілікті, 60-тан аса шетелдік маман атсалысты.
Биыл қазақтан шыққан айтулы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдығы, Гитлер рейхсканцеляриясына шабуыл жасаған батыр, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100-жылдығы, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100-жылдығы тойланады.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қазақ жерінде өтуі ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы Даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтеді.
Жалпыұлттық диалог алаңы – Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді. Онда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның жаңа құндылықтарын жаңғырту мәселелері талқыланады.
Бұған қоса, Президент ұлттық бірегелікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін қазақтың төл жаңа жылы Әз Наурызды ерекшелеп, мазмұнын байытып, жаңаша атап өтуді ұсынды.
Салиқалы сыртқы саясат ұлттық мүддеге қызмет етеді
Қазақстан сыртқы саясатта еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, ұлттық экономиканың дамуына барынша қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстарды жалғастырады.
Ұлу жылында мемлекетіміз үшін аса маңызды халықаралық шаралар өтеді. 2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Жыл барысында Астанада осы халықаралық ұйымдардың жиыны өтеді. Оның ішінде, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының басқосуы мен Астана халықаралық форумын өткізу жоспарланған.
Отбасылық құндылықтар кең насихатталады
Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды қолдайтынын айтты. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едеуір күшейтілді. Қазір Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстардың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер айналысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек.
Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек екенін айтты.
Әділетті Қазақстан идеясына адал кадрлар қажет
Мемлекеттік қызметшілер – білімді, білікті, бастамашыл, тиянақты, тәртіпті, арлы және Әділетті Қазақстан идеясына адал азаматтар болуы шарт. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатты берік ұстануы тиіс.
Бұл орайда, Президент қазақ елінің жастарына сенетінін баса айтты. Сондықтан билік құрылымындарына аға буыннның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек.
Ұлттық экономиканың әлеуеті жеткілікті
2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемі екі есе артып, 450 миллиард долларға жетеді. Қазір еліміздің жалпы ішкі өнімі 259 миллиард доллардан асады.
Бұл үшін басты екі бағытта нақты шаралар қолға алынды. Біріншісі, ауқымды өндіріс жобаларын жүзеге асыру. Президент Үкіметке инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берді. Екіншісі, қомақты инвестициялар көлемін арттыру. Бұл үшін Президент Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Жаңадан қабылданатын Салық кодексі мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта құруға мүмкіндік береді. Жаңа Бюджет кодексі мемлекет қазынасын тиімді және үнемдеп жұмсауға себепші болады.
Стратегиялық міндеттерді атқару үшін Үкіметтің өкілеттігі кеңейтілді, оған түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы берілді. Енді атқарушы билік осы құзыреттерді пайдаланып, өнімді жұмыс істеуі тиіс. Ал Президент Әкімшілігі бұдан былай атқарушы биліктің жұмысына араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді.
Тұрғындардың қарызға белшесінен бату мәселесін шешу үшін былтыр жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Енді банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне қойылатын талаптар күшейеді.