09.11.2026
«АЛТЫН ДОП»: ЖЕЗҚАЗҒАНДА 9-11 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА БАСКЕТБОЛДАН ҚАЛАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
2026 жылғы 03-04 қараша аралығында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-гі Ұлытау облысы филиалы мен Жезқазған қаласының Қалалық білім беру бөлімі басқармасының ұйымдастыруымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы аясында Жезқазған қаласы мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында ер балалар мен қыздар арасында «Алтын доп» баскетболдан қалалық жарыс өткізді.
Іс-шарада сөз сөйлеген «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Алданьязов Таубағұл Тажбаевич жастарға сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы айтты. Сыбайлас жемқорлық – тек заң бұзушылық емес, бұл – әділеттілікке, сенімге және болашаққа жасалған қастандық екенін атап өтті. Әрі елдің дамуын тежейді, білім мен денсаулық сақтау саласына нұқсан келтіреді, жастардың әділ болашаққа деген сенімін жоғалтады. Ол жастарды адал болуға, заңды білуге, өз құқықтарын қорғай білуге және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік танытуға шақырды. Жезқазған қалалық білім басқармасының дене шынықтыру және тәрбиелеу әдіскері Бірмаганбетов Дүйсенбек Абдісалықұлы сөз алып спорттағы әділдік пен адалдық – өмірдегі адалдықтың бастауы екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттық шараға қаланың 20 мектебі қатысты, әр командада 10 ойыншыдан болды. Жарыс жеңілген команда шығып қалатын жүйе бойынша өтті, сондықтан әр ойын аса тартысты әрі қызықты болды. Жартылай финалдық және үшінші орын үшін ойындар, сондай-ақ финалдық ойындар М. Жәліл көшесіндегі №3 мектепте өтті. Финалға дейін жеткен командалар өздерінің командалық ұйымшылдығын, шапшаңдығы мен спорттық шеберліктерін көрсетті.
Бұл жарыстың мақсаты – тек жеңімпазды анықтау емес. Баскетбол алаңы – бұл адалдық, тәртіп, ережеге бағыну, әділ бәсекелестік пен өзара құрметті үйрететін үлкен мектеп. Ережені бұзбай ойнаған спортшы өмірде де ережені бұзбайды. Әділ ойнап жеңген команда – нағыз жеңімпаз. «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы дәл осы қағидаттарға негізделген: заңды білу, тәртіпті сақтау, адал болу.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және кубоктармен марапатталды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі әріптестіктің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
Спорт арқылы адалдықты насихаттау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі





