«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

«ТӘРБИЕЛІ ЖАСТАР – ҚОҒАМ ТІРЕГІ»

«ТӘРБИЕЛІ ЖАСТАР – ҚОҒАМ ТІРЕГІ» 27.06.2025

«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ – ің «Жастарды құқықтық тәрбиелеу -сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасын іске асыру мақсатында облыс әкімдігінің білім басқармасының «Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде» 2025 жылы 26 маусымда жастармен сұхбаттасу-кездесу өткізілді.

Оған арнаулы мектептің 31 тәрбиеленушілері мен 11 ұстаз-тәрбиешілері, сонымен қатар, «ЖАҢАРУ» РҚБ филиалының директоры Қ.Төлендиев, көмекшісі А.Қасымханов, Бала құқығы жөніндегі өңірлік үәкіл Дәурен Бағжанов, облыс әкімдігінің білім басқармасы жанындағы психологиялық қолдау орталығының психолог-мамандары З.Мамадьярова, Т.Раимбекова және А.Қожатай қатысты – барлығы 48 адам.

Кездесу басталар алдында арнаулы мектептің директоры Нұртас Хусаинов ғимараттарды аралатып, асхана, жатақхана және спорт алаңшасының жағдайымен таныстырды, арасында балалармен әңгімелестік.

Жиынды өзім ашып, сұхбаттасуға келген адамдарды таныстырып, «ЖАҢАРУ» РҚБ – ің «Жастарды құқықтық тәрбиелеу -сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасын түсіндірдім.

Баяндамамды 2025 жылы 23 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінен бастадым. Мемлекет басшысы айтқандай, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады. Өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулуы қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті.

Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Нәтижесінде орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі бес жылда әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар екі есе азайды. Елімізде өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленуде.

Конституциямыздың 30 жылдығына орай жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан аса адамға амнистия жарияланды, соның 2 мыңнан астамы бостандыққа шығады, қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен баласы бар әйелдерге , егде жастағы адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға кешірім беріледі.

Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, оның алдын алу, заң үстемдігі мен бұлтартпастығын қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет.

Құзырлы органдардың мәліметіне қарағанда Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілудің нәтижесінде 2023 жылы – 43, 2024 жылы – 63 жемқорлық қылмыс әшкереленген.

Жыл басынан бері Президент атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту бойынша барлық жерде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бүгінге дейін студенттер мен оқушылардың қатысуымен «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы жалғасуда. Біздің облыста да осындай кездесулер облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасары Серік Сәлемовтың тікелей қатысуымен өтуде. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бойынша облыстық прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті, облыстық ардагерлер кеңесі кешенді шаралар өткізуде. Ақпан айында мұндай шара облыстық Полиция департаментінің бастамасымен «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумын кең көлемде өткізді. Сол айда біздің филиал Полиция департаментімен Меморандум қабылдады. Ал 2023 жылдың қараша айында облыс әкімімен де коррупцияға қарсы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар аз емес.

Бұрынғыларды айтпағанда, 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін біраз заңнамалар мен стратегиялық бағдарлама қайта қаралып, сол жылдың 2 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы өзгертуге арналған.

Бүгінде Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге қосылған.

2023 жылдың қорытындысымен Қазақстан 180 мемлекеттердің ішінен 39 балл алып 93 орынға тұрақтаған болса, 2024 жылдың қорытындысымен 40 балл жинап, 88 орынға ие болды. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру басымдықтарының бірі ретінде қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күресінің нәтижесі деуге болады. Бұл ретте дүниежүзі бойынша орташа балл 43 балл екенін ескерген жөн. Өйткені СЖҚИ бойынша көрсеткіші 50 балдан төмен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер болып саналады.

Шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін жауапкершілігін енгізу, шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтару сияқты күрделі мәселелердің шешілуі. Мәселен 2022 жылдан бері бүгінге дейін 1 триллион 120 миллиард теңгеге жуық мүлік түріндегі заңсыз активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған, оның ішінде өткен жылы 486,5 млрд теңге. Осы қаражат есебінен 61 мектеп пайдалануға берілді.

Бүгінде халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артуда. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен деректері бойынша 1424 телефон номеріне хабарласуға болады.

2023 жылы 29 тамызда АНТИКОР басшысының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған, немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін, (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң бойынша мемлекеттің қорғауында болады, олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды», деп айтқан еді.

Осы орайда, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің былтыр барлық облыстарда «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобасын іске асырды.

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент қоғамдағы 5 кеселге қарсы күрес жариялады:

- Есірткі, нашақорлықпен

- Лудоманиямен

- Тұрмыстық зорлық – зомбылықпен

- Буллинг және агрессиямен

- Вандализм және ысырапшылдықпен

Ал биылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Қоғамдық әдеп, заң мен тәртіп»

«Қазақстан балалары» бағдарламасы

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын «Адал азамат» деп өзгертілді.

ЖАСӨСПІРІМ ТӘРБИЕСІНЕ АЛДЫМЕН АТА – АНА ЖАУАПТЫ.

АТА-АНА бала үшін ең ұлы ҰСТАЗ. Сондықтан «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Баланың алған тәлім-тәрбиесі ата-ананың берген үлгі –өнегесіне тікелей байланысты екенін осыдан-ақ ұғуға болады.

Облыс бойынша жасөспірімдер тарапынан заңбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы бес айында өткізілген 1456 бірлескен рейдтің 922-сі мектеп маңында ұйымдастырылған.

2024 жылы бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын -141, 2025 жылы 145 қолайсыз отбасы, сондай-ақ былтыр қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған -293, биыл – 297 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция есебіне алынған.

Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 380 жасөспірім және 312 қолайсыз отбасы есепте тұр.

Есептегі тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Одан бөлек олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылады.

Девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 16 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылды. 530 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелді. Ал 82 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР-ың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-ші бабы бойынша 623 ата-ананың әкімшілік жауапкершіліігі қаралды. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық фактілері бойынша олардың 148 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауға бейімделуі мүмкін. Бірі қылмысқа тұрмыстық жоқшылық салдарынан барса, енді бірі жасөспірімдерге қосылып, өзінің қалай қылмыс жасап қойғанын байқамай да қалады. Енді бірі тіпті еркінен тыс қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін қашанда ата-аналар жауапты болуы шарт.

- Баланы түнде қараусыз қалдырғаны үшін әке-шеше жауапты. Әкімшілік кодекстің 442- бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 4194 ата-ананың жауапкершілігі қаралды.

- Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 142 мекеме иелері Әкімшіліік кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгідей іс-шаралар жастар арасында құқықтық сана мен тәртіпті арттыру, құқықбұзушылықтың және қылмыстың алдын алу, жасөспірімдерге оң тәрбие беру мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 42,1 пайызға төмендеген.

Бала тәрбиесінде тек білім беру мен құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғамның ұлттық тәлім-тәрбиеге атсалысуы маңызды.

Жастар алдында Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов сөз сөйледі. Осы орайда Дәуреннің 2009 жылдан бері бұл арнаулы мектепке жан-жақты қамқорлық жасап жүргенін айта кеткен жөн. Мұндағы тәрбиеленуші балалар Бағжановты «әкесіндей» көретінін байқадым, жасөспірім ұл-қыздар оны қатты құрметтейді екен, онымен сырласатынын да жасырмады.

Жалпы сұхбаттасуға 8 тәрбиеленуші қатысты, барлық сұрақтарына жауап алды.

Кездесудің екінші бөлігінде Психологиялық қолдау орталығының мамандары З.М.Мамадьярова, Т.П.Раимбекова, А.А.Қожатай 11-18 жас аралығындағы тәрбиеленушілермен «Суицидтің, зорлық-зомбылықтың және буллингтің алдын алу» тақырыбында сұхбат жұмыстарын жүргізді. Жұмыс барысында сенімді ахуал құру мақсатында «Эмоцияны басқаруды білеcің бе?», «Эмоциямды тап» атты психологиялық жаттығулар өткізілді. Тәрбиеленушілердің ой-пікірін білу мақсатында мектептегі қауіпсіздік, ересектермен және құрдастармен қарым-қатынас туралы сұхбаттасу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі сұхбаттасу-кездесуге балалардың риза болғанын байқадық, болашақтарына сенім ұялатқандай болдық.

«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі



511278411_1972392143564957_6314908958767141244_n.jpg

510972072_1972392083564963_6562006500627088762_n.jpg

511274087_1972392016898303_2616677155729337283_n.jpg

511269183_1972391963564975_5822648800445441186_n.jpg

514018772_1972391916898313_6442848141366918708_n.jpg

514001572_1972391846898320_6673193548075244392_n.jpg

511159040_1972391580231680_3108203274307756517_n.jpg

Тізімге оралу