
Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы ұйымдастырды. Жиын барысында құқық қорғау органдары, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдері құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және жастар арасында парасаттылық идеологиясын ілгерілету мәселелерін талқылады.
«Жастардың құқықтық тәрбиесі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастың негізі» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл форумға жалпы 2217 студент пен оқушы қамтылды. Олардың қатарында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелері университеті, Халықаралық цифрлық технология, сәулет және құқық колледжі, Республикалық жоғары техникалық колледж және AT лицейінің білім алушылары бар.
Форумда облыс прокуроры С.Р. Шалабаев, облыс әкімі Н.Т. Төреғалиев және полиция департаментінің бастығы А.М. Оразалиев сөз сөйледі. Сондай-ақ, жиынға білім беру мекемелерінің жетекшілері, мәслихат депутаттары, «Жаңару» қозғалысының Жастар қанатының мүшелері мен студенттер қатысты.
Университет ректоры «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Алиби Баяхов өз сөзінде Мемлекет басшысының:
«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы — қоғамдық сана өзгеруі керек» деген сөзін келтіре отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында отбасы, мектеп, ЖОО мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Орал қаласындағы 5517 әскери бөлім сарбаздарымен де кездесулер өтті. Жастар арасында құқықтық сана мен патриоттық тәрбиені қалыптастыруда «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Қайдаров атындағы оқу-криминалистика орталығы белсенді жұмыс істеуде.
Орталықта қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған сот залы, медиация кабинеті, криминалистикалық зертхана, сот-сараптама аудиториялары бар.
Мұнымен қоса, форум аясында жастарға арналған цифрлық қауіпсіздік, құқықтық мәдениет, алаяқтықтың жаңа түрлеріне қарсы шаралар және құқық қорғау органдарының заманауи құралдары таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып қана қоймай, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастырады.
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі









