«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу – өте маңызды!

Жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу – өте маңызды! 15.05.2025 «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ - ің «Жастарды құқықтық тәрбиелеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы бойынша Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студент жастарымен бүгін келелі кездесу өтті.
Оның БАҒДАРЛАМАСЫ бойынша Модератор болған «ЖАҢАРУ» Жамбыл облыстық филиалының директоры, «АнтиКорр» жанындағы Спикерлер пулының жетекшісі, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Қасымхан Төлендиевтің кіріспе сөзі – баяндамасы тыңдалды. Негізгі тақырып бойынша СПИКЕРЛЕР:
1. Сарыбеков Махмедғали Нұрғалиұлы – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор.
2. Дәурен Омаров – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары
3. Уалихан Болатбек – «АМАНАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалындағы атқарушы хатшының орынбасары.
4. Айбек Қадралиев – Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры
5. Жания Нұрболқызы - Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының белсендісі, Ақпараттық жүйе факультетінің 3 курс студенті.
6. Семейхан Молдаұлы Сексенбаев - Аталған университеттің «Заң факультетінің «Азаматтық және қылмыстық құқық» кафедрасының оқытушысы, отставкадағы полиция полковнигі
Орынқыз Жолдасова - Университеттің Комплаенс қызметінің офицері сөз сөйлеп, ой пікірлерін ортаға салды.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, оның алдын алу, заң үстемдігі мен бұлтартпастығын қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет екені айтылды. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, заң мен тәртіп үстемдігін бұзатын қауіпті құбылыс. Коррупцияға қарсы күрестің басты бағыты жемқорлықтың алдын алу, яғни, мәселенің салдарынан бұрын, оның туындау себептері мен алғышарттарын анықтау, жемқорлық тәуекелдерін жою, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып саналады. Ашық ақпарат мәліметіне қарағанда былтыр сыбайлас жемқорлық заңбұзушылықтарын болдырмау мақсатында елімізде 900 мыңнан аса топ өкілдерін қамтыған 7 жарым мыңға жуық іс – шара өткізіліпті. Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілудің нәтижесінде 2023 жылы – 43, 2024 жылы – 63 жемқорлық қылмыс әшкере болған.
Осы орайда жастардың санасына жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған бүгінгідей іс – шараларға да ерекше мән беріледі. Соның бірі ретінде «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» тақырыбындағы студенттер арасындағы былтырғы республикалық эссе байқауын айтуға болады. Онда жастар жемқорлық туралы ойын жеткізіп, оған қарсы тұрудағы ұсыныстарын ортаға салды. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студент жастарға құқықтық тәрбие, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Комплаенс қызметі құрылған, оның Ережесі мен Стандарты бекітілген. Мұнда «Адалдық сағаты», «Таза сессия» акциялары, түрлі семинарлар мен кездесулер өтіп тұрады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты жастармен кездесу өткізілген.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен Семей қаласындағы «Абай сөзі – әділдіктің темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойындарында Университеттің командасы Назгүл Абитаеваның жетекшілігімен 1 – ші орынға ие болды. «ЖАҢАРУ» РҚБ филиалымен де профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, облысымыздың жоғары оқу орындары мен колледждерінде жұмыс істейтін 43 «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының жұмыстарын жандандыру қажет деп санаймыз. Себебі бүгінгі жас, ертеңгі аға буын өкілі дәл қазірге мезетте оларға қандай бағыт – бағдар берсек, сол бағдармен өз жолын таппақ. «Әлемді өзгерту үшін алдымен өзің өзгеріс жаса!» - деген ұранды өзінің басты өмірлік ұстанымына айналдырған білімді, жан-жақты жалындап жанып тұрған, ерік жігері мықты жастар деп білеміз. Сондай – ақ, облысымыздың мектептерінде 392 «Адал ұрпақ» еріктілер клубы бар екенін айта кету керек.
Жыл басынан бері Президент атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту және насихаттау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Студенттер мен оқушылардың қатысуымен «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы жалғасуда. Біздің облыста да осындай кездесулер облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасары Серік Сәлемовтың тікелей қатысуымен өтуде.
«Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бойынша облыстық прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті, облыстық ардагерлер кеңесі де кешенді шаралар өткізуде. Ақпан айында мұндай шара облыстық Полиция департаментінің бастамасымен «Тәрбиелі жастар – қоғам тірегі» атты жастар форумын кең көлемде өткізді. Сол айда біздің филиал Полиция департаментімен Меморандум қабылдады. Ал 2023 жылдың қараша айында коррупцияға қарсы өзара ынтымақтастық туралы келісімге облыс әкімі мен «ЖАҢАРУ» РҚБ төрағасы тұрған болатын.
Әділетті Қазақстан құру жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар ауқымды.
Бұрынғыларды айтпағанда, 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы» арнайы заң қабылданды, одан бері заман талабына сай оған маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әсіресе 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін біраз заңнамалар мен стратегиялық бағдарлама қайта қаралып, сол жылдың 2 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы өзгертуге арналған.
Бүгінде Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге қосылған.
Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың халықаралық рейтингісі бойынша 2022 жылы еліміз 36 ұпаймен 101 орында, 2021 жылы 37 ұпаймен - 102 орында, 2020 жылы 94 орында, ал 2019 жылы 113 орында тұрған еді. Ал 2023 жылдың қорытындысымен Қазақстан 180 мемлекеттердің ішінен 39 балл алып 93 орынға тұрақтаған болса, 2024 жылдың қорытындысымен 40 балл жинап, 88 орынға ие болды. Бұл – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру басымдықтарының бірі ретінде қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күресінің нәтижесі деуге болады. Бұл ретте дүниежүзі бойынша орташа балл 43 балл екенін ескерген жөн. Өйткені СЖҚИ бойынша көрсеткіші 50 балдан төмен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер болып саналады. Сондықтан аспанға шәпкімізді лақтырып қуануға әлі ерте...
Десек те, бұрынғы жылдарға қарағанда бұл жағынан алға жылжу бар әрине. Президенттің табандылығының арқасында шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін жауапкершілігін енгізу, шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтару сияқты күрделі мәселелердің шешілуі. Мәселен 2022 жылдан бері бүгінге дейін 1 триллион 120 миллиард теңгеге жуық мүлік түріндегі заңсыз активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған, оның ішінде өткен жылы 486,5 млрд теңге. Осы қаражат есебінен 56 мектеп салыныпты. Одан басқа заңсыз алынған 10 миллион гектардан аса жер мемлекетке қайтарылды. .
Бүгінде халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жанында құрылған Спикерлер пулы, белсенді жастар-волонтерлер қозғалысы, «Адал қоғам» мен «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, заңдарды түсіндіруге, адалдық парасаттылық қағидаларын дәріптеу, насихаттау, азаматтардың, әсіресе жастардың құқықтарын қорғау бойынша ақпараттық- сауаттылық жұмыстарға қатысады.
«АМАНАТ» партиясы облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесімен бірге әр саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері зерделенуде.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен деректері бойынша 1424 телефон номеріне хабарласуға болады.
2023 жылы 29 тамызда АНТИКОР басшысының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған, немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін, (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң бойынша мемлекеттің қорғауында болады, олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі.
Енді өзім жетекшілік ететін «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» филиалы туралы қысқаша мәлімет бергім келеді.
2013 жылдың 3 желтоқсанында еліміздің бір топ белсенді қоғам қайраткерлері, саяси күрескерлері, отанымыздың патриоттары, көрнекті мемлекет, саяси және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен құрылтайшылар болып, осы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Содан бері 11 жылдан аса уақыт өтіпті.
Осыған байланысты 2023 жылдың 24 қарашасында Астанада «БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясына 20 жыл: Қоғам мен мемлекеттің күш жігерін біріктірейік» атты Халықаралық конференция ұйымдастырылды. БҰҰ өкілі қатысқан конференцияда Жамбыл облыстық филиалының жұмысына оң баға берілді. Жиынға мен де қатысып, сөз сөйледім. Біздің филиал 2014 жылдың 14 қаңтарында құрылған болатын. Сол қаңтарда, құрамында өңірдің 11 белсенді, беделді азаматтары бар кеңес құрдық, кейіннен «Қоғамдық сенім орталығы», «Журналистік клуб» құрылды. Сол алғашқы кеңес құрамының бірқатар мүшелері бүгінде еліміздің маңызды салаларында адал қызмет атқарып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызбен қатар, адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге зор үлестерін қосуда.
Алғашқы жаңарулықтардың қатарында, Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры болған Дария Қожамжарова, Жамбыл облысы әкімінің қазіргі бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қалалық мәслихатының экс- хатшысы Балабек Нарбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыстық «Ақ жол» газетінің бұрынғы редакторы Қуаныш Иембердиев, «Жамбыл Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың бірлестігі басшысы Айнұр Заурбекова, құқық қорғау саласының ардагері Болат Құлекеев, тағы басқалар болды. Журналистік клубты сол кезде басқарған «Жамбыл – Тараз» газетінің редакторы Эльмира Мырза-Ғали, бүгінде «Анаға тағзым» орталығын басқарып «Сенімен болашаққа» бірлестігімен бірге ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, отбасылық құндылықтарды, жастарды тәрбиелеуге зор үлес қосуда.
Бүгінде біздің сенімді серіктестеріміздің қатарында сала министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Исламбек Дастан басқаратын «Азаматтық альянс» пен «Адал қоғам» бірлестігі филиалының жетекшісі Назима Жұвандыкова бар.
«Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі - сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек», деді Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев 2022 жылы бірінші ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек деді.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «ЖАҢАРУ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы облыстық әкімдікпен, облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен, мемлекеттік қызмет істері департаментімен, облыстық қоғамдық кеңеспен, ардагерлер кеңесімен, кәсіпкерлер палатасымен, ауылшаруашылық басқармасымен, «АМАНАТ» партиясының филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесімен, облыстық кәсіподақ ұйымымен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің облыстық басқармасымен, Полиция департаментімен, облыстық телевидениемен өзара ынтымақтастық орнатып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе іс – қимыл жасауға келісіп Меморандум қабылдадық.
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, біз заңмен тәртіпке бағынуымыз керек.
Сондықтан еліміздің болашағы - жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және жастардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртібі күрделі мәселе десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды», деп айтқан еді.
Осы орайда, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің соңғы екі жылда барлық облыстарда «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобасын іске асырды.
Өткен жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар өтті. Бір айта кетерлігі, осы колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ» дың жастар қанаты «Жас қыран!» ұйымы құрылды. Ондай ұйым Жамбыл жоғары медициналық колледжде де құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында былтыр «Егемен Қазақстан», биыл «Ана тілі» газеттеріне берген сұхбатында қазақ елінің жастарына сенетіндігін, аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керектігін, елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтқан еді.
Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қоғамдағы 5 кеселге қарсы күрес жариялады:
- Есірткі, нашақорлықпен
- Лудоманиямен
- Тұрмыстық зорлық – зомбылықпен
- Буллинг және агрессиямен
- Вандализм және ысырапшылдықпен
Ал биылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда бірқатар басымдықтармен бірге жастарға қатысты:
«Қоғамдық әдеп, заң мен тәртіп»
«Қазақстан балалары» бағдарламасы
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын «Адал азамат» деп өзгерту ұсынылды..
Түпкі мақсат – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.
Бір жарым сағатқа созылған кездесу жақсы өтті деп жатты қатысқан аға буын мен жастар. Жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Сарыбеков Махмедғали Нұрғалиұлына, шараға қатысқан спикерлер мен БАҚ өкілдеріне алғысымыз шексіз!

493218894_1939039256900246_1334660960384751294_n.jpg

494598762_1939040513566787_134406384451666745_n.jpg

492801747_1939040866900085_9118639765915106356_n.jpg

494626376_1939040620233443_1187518500314565931_n.jpg

496040040_1939041753566663_7360824936827199699_n.jpg

496426051_1939041623566676_3841422034750885513_n.jpg

496722920_1939041216900050_5218549616760371326_n.jpg

498215480_1939041870233318_1298011767397745828_n.jpg

496326406_1939041470233358_62574155875923551_n.jpg

Тізімге оралу