««ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу — сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты республикалық жобаны іске асыруға кірісті. Жоба 14-35 жас аралығындағы жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға деген нөлдік төзімділікті дамытуға бағытталған.
Әлеуметтік маңызы бар жобаның жоспары бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Мәселен, қоғам белсенділері жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, осал топтардағы жастармен жұмыс істейтін мамандарды даярлаумен айналысады. Жобаның қорытындысы бойынша ювеналды полицияда есепте тұрған жасөспірімдермен, жастармен тікелей жұмыс жүргізетін 100-ден астам маман дайындалады деп күтілуде. Сонымен қатар, жастардың құқық бұзушылықтардың алдын алуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 15-ке жуық бастамасы қолдау табады.
Жоба жетекшісі Мэлс Семғалиевтің айтуынша, жоба барысында заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары азаматтардың құндылықтарын ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» принципі тұрақты мемлекеттің негізі екендігін ерекше атап өтеді. Бұл тек заңды сақтау ғана емес, қоғамның бірлігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға да қатысты. Сондықтан балалар мен жастардың бойында заңға, әділеттілікке және жеке жауапкершілікке деген құрметті ерте жастан бастап тәрбиелеу өте маңызды. Біз, азаматтық қоғамның өкілдер ретінде бұл міндеттің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Егер бүгін біз жастарға сыбайлас жемқорлықтың қалыптан тыс дүние екенін түсіндірсек, болашақта адалдықты қалыпты жағдай деп қабылдайтын ұрпақ өседі. Ал құқық бұзушылықтарға деген нөлдік төзімділік — бұл жай сөз емес, ортақ болашағымызды анықтайтын талап», — деді Мэлс Семғалиев.
Халықаралық ынтымақтастық – жобаның маңызды құрамдас бөлігі. Ұйымдастырушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымының жас көшбасшыларының қатысуымен форум өткізуді жоспарлап отыр. Шара аясында жастар арасында қылмыстың өсуіне қатысты қазіргі заманғы мәселелер мен оларды шешудің жолдары талқыланбақ.
Жобаны іске асыру, оның барысын бақылау Астанадағы «ЖАҢАРУ» РҚБ базасындағы орталық жобалық кеңсесі арқылы үйлестіріледі. Орталық жобалық кеңсе мамандары сондай-ақ, 17 өңір мен Алматы, Шымкент қалаларындағы аймақтық филиалдарға консультациялық және әдістемелік қолдау көрсетеді.
Ұйымдастырушылар жоба құқықтық мемлекетті дамытуға және жас қазақстандықтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыруға елеулі үлес қосатынына сенімді.
«Біз жоба қатысушыларының құқықтық сауаттылығын жыл сайын кемінде 25%-ға арттыруды, құқықтық негіздер жөніндегі оқытудан 10 000-нан астам жас азаматты өткізуді және қатысушылардың кемінде 60%-ы құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті көрсететіндей нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді жобаның жетекшісі.
Айта кетейік, «Жастарды құқықтық тәрбиелеу — сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы 2027 жылдың соңында аяқталады. Жоба «АБҚО» КеАҚ қолдауымен іске асырылуда.
«ЖАҢАРУ» РҚБ-гі баспасөз қызметі