
Атырау облысында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-гі филиалының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Ұйымның бастамасымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған түрлі кездесулер, ашық диалогтар, форсайт-сессиялар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Мұндай шаралардың басты мақсаты – жас буынның бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік сынды құндылықтарды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік идеологиясын орнықтыру. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, қоғамда заң үстемдігін орнату – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 15 сәуірі мен 20 мамыры аралығында Атырау қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде ұйымдастырылып жатқан «Тәртіп және заң» атты құқықтық сауаттылық айлығы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастарды заңды құрметтеуге баулу.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жұмыс істейтін «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік клубы мен құқық қорғау саласы бойынша білім алып жатқан студенттердің қатысуымен де жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында маңызды шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талқылауға арналған форсайт-сессиялар өткізіліп, қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасалды.
«ЖАҢАРУ» бірлестігі алдағы уақытта да ел ертеңі – жастардың санасына адалдық пен әділдікті сіңіруге бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыруды көздейді. Адал ұрпақ – жарқын болашақ кепілі!
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі