«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Шымкент қалалық филиалының директоры Саранова Данара Юрьевна 20-ға жуық белсенді жасты Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінде ұйымдастырылған ашық есік күніне ертіп барып, сарбаздардың күнделікті өмірімен таныстырды.
Жастар әскери дайындық барысын өз көздерімен көріп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсіміне қатысты. Бұл шара патриоттық тәрбиені күшейтіп, жастарға ел қорғанысы жолындағы жауапты қызметтің маңызын түсінуге зор мүмкіндік берді.
Әскери ант қабылдау рәсімі ерекше толқулы әрі әсерлі жағдайда өтті. Жас сарбаздарды қолдау үшін алыс аймақтардан арнайы келген ата-аналар мен туыстары бұл сәтті мақтанышпен тамашалап, жылы лебіздерін білдірді. Олар ұлдарының Отан алдындағы жауапкершілігі мен қызметке дайындығына үлкен сенім артты.
Рәсімнен кейін жастар әскери бөлім аумағында экскурсия жасап, казармалар, асхана және басқа да нысандармен танысты. Әскери бөлімнің басшылығы жастардың сұрақтарына жауап беріп, әскери қызметтің ерекшеліктері мен міндеттері туралы кеңінен баяндады.
Шара жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді арттырып, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға үлкен үлес қосты.
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі