18.11.2026
«ЖАҢАРУ» мен Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады
2026 жылғы 9 қарашада Ақтөбе қаласында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының Қоғамдық кеңесі мен Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы КММ «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында кездесу ұйымдастырды.
Кездесудің тақырыбы – «Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным».
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың мәні мен оның қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, заң талаптарын сақтауға, адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру.
Кездесуді алғы сөзбен «ЖАҢАРУ» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары, Кеңес мүшесі Сақтағанов Абай Дидарұлы ашты. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыруда жастармен жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, құқықтық тәрбие – әділетті және адал қоғам құрудың негізі екенін жеткізді.Келесі болып сөз сөйлеген Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы КММ мекемесінің басшысы Садық Әсет Орынбасарұлы жастар саясаты саласында бірлескен жұмыстың қажеттігін атап өтті. Ол жастар ресурстық орталығы «ЖАҢАРУ» ұйымымен бірлесіп жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын, кездесулер, дәрістер мен профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында тараптар жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлескен іс-шаралар өткізу, жастарды қоғамдық бастамаларға тарту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылармен пікір алмасу жүргізіліп, «ЖАҢАРУ» ұйымының ақпараттық буклеттері таратылды. Қатысушылар ұйымның қызметі мен негізгі бағыттарымен танысты.Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың бойында адалдық, жауапкершілік және заңға құрмет қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі
