13.11.2026
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында қонақ дәріс өтті.
2026 жылғы 12 қарашада «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында студенттерге арналған қонақ дәріс ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бірлескен бастамасымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері туралы білімдерін кеңейту, академиялық адалдық қағидаттарын нығайту және жастар арасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті құрметтеу құндылықтарын дәріптеу.
Қонақ дәрістің спикері – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Асқар Арыстан.
Дәріс барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекеттің дамуына тигізетін теріс әсері, оның алдын алудың құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктері, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары мен адалдық қағидаттары кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар студенттерге Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі талаптары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілік, мүдделер қақтығысының алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары және азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуының маңыздылығы туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдық маңызына ерекше назар аударылып, жастардың құқықтық жауапкершілігін арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын ұстану, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында қатысушы студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған ақпараттық буклеттер таратылды.
Қонақ дәріс жастар арасында құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететін маңызды ақпараттық-ағартушылық іс-шара болды. Іс-шара жоспарланған ақпараттық-ағартушылық мақсаттарға сәйкес ұйымдастырылып, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, адалдық, әділдік және заңға құрмет құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі






