2024 жылғы 20 тамыз күні Астана қаласында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысында қаржылық және құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту, сондай-ақ мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім беру жүйесінде құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Кеңесте «ЖАҢАРУ» РҚБ өңірлік филиалдары аталмыш сфералардағы мониторинг жүргізіп жатқандығы, онда құқық бұзушылыққа, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа әкеп соқтыратын жағдайлардың талданып жатқандығы атап өтілді.
Отырыста жастарға сапалы білім мен лайықты тәрбие беру мәселелері өзекті болып табылатындығы және әрқашан мемлекет пен қоғамның жіті назарын талап ететіндігі айтылды.
Жиналыста ата-аналар комитеттерінің бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды жақсартудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Кеңес мүшелері еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу мәселелеріне үнемі назар аудару қажеттігін бірауыздан мақұлдады.
Кеңес мәжілісіне келесі тұлғалар қатысып сөз сөйледі:
- Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВ, Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер-ұшқыш, Кеңестер Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері;
- Ғалым БАЙНАЗАРОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тұңғыш Төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі