«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

«ЖАҢАРУ» ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСУДЕ

«ЖАҢАРУ» В БОРЬБЕ С КОРРУПЦИЕЙ 31.03.2024      «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру». Осындай атаумен  «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңсесі және Атырау облыстық филиалының  бірігіп ұйымдастыруымен 2024 жылғы 26 наурыз күні Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғимаратында Республикалық форсайт сессия өтті.
       Іс-шара «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру іс-шаралар кешенін өткізу» атаулы әлеуметтік жобаның аясында ұйымдастырылды. 
Форсайт сессияға мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалдар директорлары (онлайн) мен аталмыш бірлестіктің Батыс аймақтық (Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау) филиалдарының өкілдері (офлайн),сондай-ақ,бірлестіктің Атырау облысы бойынша филиалдың кеңес мүшелері және квазимемлекеттік сектор өкілдері және аймақтағы оқу орындарының қызметкерлері мен студенттері, «ЖАҢАРУ» қозғалысының белсенділері және БАҚ қкілдерінің қатысты.
        Басқосудың негізгі мақсаты–азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырып,  қарсы саясатты іске асыру шараларымен таныстыру. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау. 
Отырысты «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының директоры ИДРИСОВ Саламат Нұрмұханұлы ашып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөз алған филиал директоры бірінші жиынның маңыздылығын кеңінен тарқатып, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құруда сала мамандарының ой алмасып, пікір білдіруі маңызды екеніне екпін беруден бастады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын» деп атап өткен болатын. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да бұл тақырыпқа тағы да назар аударып, бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керектігін шегеледі. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы айрықша және күтілетін нәтижелер де көп»,-деген филиал директоры қоғамдағы қордаланған мәселені шешуге форсайт сессиясы өз септігін тигізеріне сенім білдірді.
          Жиынға қатысқан«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев пен төрағаның орынбасары Бейбіт Мамраев форсайт сессияның негізгі көздегені  қоғамды  мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатына қатыстыру екенін тілге тиек еткен болатын. «Өздеріңізге мәлім ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам» деген болатын. Міне бүгінгі біздің бас қосуымыздың да негізгі мақсаты осы. Жемқорлық балақтан тартып тұрған кесел. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты баршамыз бірігіп күресу арқылы жеңе аламыз. Бұл іс-шараға бастамашы болған былтыр 10 жылдығын атап өткен «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы. Бірлестіктің көздегені мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын қолдау және адалдыққа негіздеген мәдениет қалыптастыру. Бірлестіктің Қазақстан бойынша бөлімдері өз жұмыстарын сәтті жүргізуде. Біз БҰҰ сияқты халықаралық бірқатар ірі ұйымдармен ынтымақтастықта бірқатар бағыт бойцнша жұмыстар атқарудамыз»,-деді төраға. 
Содан соң, жиын қатысушылары бағдарлама тәртібі бойынша қатысушылар арнайы тақырыптар бойынша сөз сөйледі. Баяндама соңында қатысушылар жиын барысында көтерілген мәселелерді өзара талқылап, сұрақтарға заң шеңберінде жауап беріліп, пікір алмасты. Атап айтсақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин «Қоғам өкілдерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерің талдау мәселелері» жөнінде, Атырау облыстық қоғамдық кеңестің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылау, құқық қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясы төрағасы Асхат Иманғалиев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық кеңестің рөлі» туралы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы - Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Ермаханбетов «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы: әдеп және сөз сөйлеу стилі» тақырыбында ой қозғап, мемлекеттік қызметтегі бірқатар мәселелер жөнінде баяндама жүргізді.Содан соң «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиал басшысы Дариға Ахметова «Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет қалыптастырудағы іс-шаралардың маңыздылығы» атты баяндама жасап, мұнда әрбір азамат өзінің құқықтық мәдениет пен сауаттылығын арттыру жөнінде сөз сөйледі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің академиялық мәселелер жөніңдегі проректоры Асхат Ералыұлы «Академиялық адалдық - жоғары білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудың негізгі факторы» тақырыбында баяндама жасап, аталмыш бірлестіктің жанынан мәселені тереңнен зерттеп, зерделеу үшін арнайы мамандармен бірлесіп, ғылыми кеңес оратылығын құруды ұсынды және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Қылмыстық құқықтық пәндері» кафедрасының аға оқытушысы Нұрбақыт Дайрабаева «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін құрудың мәселелері» жөнінде зерделеп, квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін құрудағы бірқатар түйіткелдер туралы баяндады.
        Іс-шара соңына қарай Мэлс Семғалиев ««ЖАҢАРУ» бірлестігі Атырау облыстық филиалын 2015-2020 жылдар арасында осы өңірге белгілі азамат Оразғали Қаршегенов басқарған болатын. Ол соңғы екі жылда жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенімін арттыру жөнінде іс-шараларлар бойынша қарқынды қызмет атқарды. Ал биылғы жылдан бастап осы қызметті жаңа директорға тапсырды»,-деп атап өтіп, ел үшін атқарған еңбегінің зор екенін тілге тиек етіп, аталмыш филиалдың «Құрметті директоры» деп атауды және облыстық филиал кеңесінің мүшесі боп қалуды ұсынды. Риясыз ризашылықпен Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды. Кейін облыстық филиалы Кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, 2024 жылдан бстап «ЖАҢАРУ» қозғалысының Атырау облысы филиалының басшылығына Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор, облыстық мәслихат депутаты Саламат Идрисов тағайындалды. Мэлс Семғалиев филиалдың жаңа басшысына сәттілік тіледі. 
         Мәжіліс соңында жоғарыда көрсетілген Әлеуметтік Жоба туралы студенттер арасында сауалнама жүргізіліп, буклеттер мен флаерлер таратылды және студенттерден сұхбат алынды. Жиын қатысушылары дөңгелек үстел басында сұрақ-жауап түрінде пікір алмасып, өзекті тақырыптарды қозғап, талқылады.
        Форсайт сессия барысында талқыланған мәселелерден ұсыныстар да бекітілді. Атап айтсақ,сыбайлас жемқорлықтың қоғамдық зияндылығы және оған қарсы іс-қимыл әдістері туралы ақпараттандыруға бағытталған ақпараттық науқандар мен іс-шаралар ұйымдастру, бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру үшін мемлекеттік және жеке секторлар, сондай-ақ азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты жандандырып, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау және білім беру ұйымдарында ғылыми-педагогикалық кадрларының жегі құрттай болған жемқорлыққа қарсы мәдениетінің тұжырымдамасын әзірлеу ұсыныстары бекітілді, сондай-ақ бірлестіктің жанынан мәселені тереңнен талқылап, мәселелерді шешу үшін арнайы мамандармен бірлесіп, ғылыми кеңес орталығын құруды ұсынды.


de903961-52de-4a4a-9a8d-4649a33a8d35.jpg


08bcdb02-d19a-4b6e-b3bc-86d082efd445.jpg

5d24254e-c1bf-43f5-aae3-f45efcbccd65.jpg



Тізімге оралу