«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – аса маңызды

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – аса маңызды 02.02.2024 Біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар аз емес.
Бұрынғыларды айтпағанда, 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы» арнайы заң қабылданды, одан бері заман талабына сай оған маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әсіресе 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін біраз заңнамалар мен стратегиялық бағдарлама қайта қаралып, сол жылдың 2 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы өзгертуге арналған.
Бүгінде Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге қосылған.
Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың халықаралық рейтингісі бойынша 2023 жылдың қорытындысымен Қазақстан 180 мемлекеттердің ішінен 39 балл алып 92 орынға тұрақтаған. 100 балдан 50 балға дейін жинаған мемлекеттер, сыбайлас жемқорлық кең жайылған ауыр деңгейдегі мемлекеттер болып саналады. Сондықтан аспанға шәпкімізді лақтырып қуануға әлі ерте...
Десек те, бұрынғы жылдарға қарағанда бұл жағынан алға жылжу байқалады. Оған Президенттің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан батыл қадамдардың нәтижесі себеп болды деуге болады. Шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін жауапкершілігін енгізу, шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтару сияқты күрделі мәселелердің шешілуі. Мәселен бүгінде 1 триллион теңгеге жуық заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды, жалпы декларация мәселесі шешіліп жатыр, заңсыз алынған 10 миллион гектардай жер мемлекетке қайтарылды.
Ал 2022 жылы еліміз 36 ұпаймен 101 орында, 2021 жылы 37 ұпаймен - 102 орында, 2020 жылы 94 орында, ал 2019 жылы 113 орында тұрған еді.
Жоғарыда аталған заңға сәйкес, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай саясатты қалыптастыру мақсатында комплаенс қызметі бекітілген.
Бүгінде халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жанында құрылған спикерлер пулы, белсенді жастар-волонтерлер қозғалысы, «Әділдік жолы» мен «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, заңдарды түсіндіруге, адалдық парасаттылық қағидаларын дәріптеу, насихаттау, азаматтардың, әсіресе жастардың құқықтарын қорғау бойынша ақпараттық- сауаттылық жұмыстарға қатысады. Мәселен былтыр тамыз айында Антикор қызметімен іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы Жамбыл ауданында басталып биыл жалғасын табуда, облыстың қоғамдық кеңес мүшесі Назима Жұбандыкова жетекшілік ететін «Әділдік жолы» филиалы жемқорлыққа қарсы қыруар жұмыс атқаруда. Бүгінде облыстың спорт саласындағы тәуекелдер зерделенуде.
«АМАНАТ» партиясы облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесімен бірге білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері зерделенуде.
Осы салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, деректері бойынша 1424 , 87711111186 телефонына, болмаса 87056248846, 874740261, 87051108750 телефон номерлеріне хабарлауға болады.
2023 жылы 29 тамызда АНТИКОР басшысының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған, немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін, (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Демек, қазақстандықтар коррупцияға қарсы күреске шақырылды. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң бойынша мемлекеттің қорғауында болады, олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі.
Енді өзім жетекшілік ететін «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» туралы қысқаша айтқым келеді.
2013 жылдың 3 желтоқсанында еліміздің бір топ белсенді қоғам қайраткерлері, саяси күрескерлері, отанымыздың патриоттары, көрнекті мемлекет, саяси және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен құрылтайшылар болып, осы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестік құрылған болатын. Содан бері 10 жыл өтіпті.
Осыған байланысты 2023 жылдың 24 қарашасында Астанада «БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясына 20 жыл: Қоғам мен мемлекеттің күш жігерін біріктірейік» атты Халықаралық конференция ұйымдастырылды. БҰҰ өкілі қатысқан конференцияда Жамбыл облыстық филиалының жұмысына оң баға берілді. Жиынға мен де қатысып, сөз сөйледім.
«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасын жұртшылық қолдап, барлық облыстарда оның филиалдары ашылып, бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс істейтін ықпалды қоғамдық күшке айналды.
Солардың бірі - 2014 жылдың 14 қаңтарында құрылған Жамбыл облыстық филиалы. Сол қаңтарда, құрамында өңірдің 11 белсенді, беделді азаматтары бар кеңес құрдық, кейіннен «Қоғамдық сенім орталығы», «Журналистік клуб» құрылды. Сол алғашқы кеңес құрамының бірқатар мүшелері бүгінде еліміздің маңызды салаларында адал қызмет атқарып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызбен қатар, адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге зор үлестерін қосуда.
Алғашқы жаңарулықтардың қатарында, Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Жамбыл облысы әкімінің қазіргі бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қалалық мәслихатының экс- хатшысы Балабек Нарбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыстық «Ақ жол» газетінің бұрынғы редакторы Қуаныш Иембердиев, «Жамбыл Азаматтық альянсы» заңды тұлғалардың бірлестігі басшысы Айнұр Заурбекова, құқық қорғау саласының ардагері Болат Құлекеев, тағы басқалар болды. Журналистік клубты сол кезде басқарған «Жамбыл – Тараз» газетінің редакторы Эльмира Мырза-Ғали, бүгінде «Анаға тағзым» орталығын басқарып «Сенімен болашаққа» бірлестігімен бірге ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, отбасылық құндылықтарды, жастарды тәрбиелеуге зор үлес қосуда.
Бүгінде біздің сенімді серіктестеріміздің қатарында сала министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Исламбек Дастан басқаратын «Азаматтық альянс» пен «Әділдік жолы» бірлестігі филиалының жетекшісі Назима Жұвандыкова бар.
«Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі - сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек», деді Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев 2022 жылы бірінші ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек деді.
Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті іс жүзінде тек үәкілетті орган – АнтиКорр, прокуратура, Қаржы мониторингі, Экономикалық қылмыспен күрес, ҰҚК мен ІІМ жүргізіп жатады, ал басқа мемлекеттік органдардың жемқорлыққа қарсы әрекеттері осал, тіпті байқалмайды, қазақстандықтар да бұл жалпыұлттық күресте айтарлықтай белсенділік танытпауда.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «ЖАҢАРУ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы облыстық әкімдікпен, облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен, мемлекеттік қызмет істері департаментімен, облыстық қоғамдық кеңеспен, ардагерлер кеңесімен, кәсіпкерлер палатасымен, ауылшаруашылық басқармасымен, «АМАНАТ» партиясының филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесімен, облыстық кәсіподақ ұйымымен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің облыстық басқармасымен, облыстық телевидениемен өзара ынтымақтастық орнатып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе іс – қимыл жасауға келісіп Меморандум қабылдадық.
Осындай Меморандум Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев пен «ЖАҢАРУ» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Мэлс Семғалиев арасында да қабылданды.
Бүгінде «ЖАҢАРУ» филиалының басшысы облыс әкімі жанындағы коррупцияға қарсы күрес комиссияның мүшесі, АнтиКорр жанындағы спикерлер пулының жетекшісі, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі және «АМАНАТ» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылады..
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, біз заңмен тәртіпке бағынуымыз керек.
Сондықтан еліміздің болашағы - жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және жастардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртібі күрделі мәселе десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды», деп айтқан еді.
Осы орайда, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің былтыр барлық облыстарда «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобасы дер кезінде және маңызды іс бастады деп ойлаймын.
Жобаны іске асыру үшін бекітілген кестеге сәйкес нақты, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Өткен жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар өтті. Бір айта кетерлігі, осы колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ» дың жастар қанаты «Жас қыран!» ұйымы құрылды. Жақында ондай ұйым Жамбыл жоғары медициналық колледжде де құрылатын болды.
Сол сияқты қыркүйек айының басында Сарысу ауданында өткен басқосуда мемлекеттік қызметтің имиджін жақсарту, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасы мен тәртібі, мемлекеттік органдарға деген сенімін, қызығушылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік таныту, халыққа адал қызмет көрсету мәселелері әңгіме арқауына айналды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғаса береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қазақ елінің жастарына сенетіндігін, аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керектігін, елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтқан еді. Өте дұрыс айтылған, қолдаймыз!

https://web.facebook.com/100023825711035/posts/pfbid0k8eWT8JheMTt2e3mCfJzi1crPbHW6zFivgCDQLwUNrn2zKp...
2.jpg

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Жамбыл
облыстық филиалының директоры.


Тізімге оралу