«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Астанада жемқорлыққа қарсы Форум өтті

Антикоррупционный Форум прошел в Астане 06.12.2023

Бүгін Астанада «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты: тәжірибесі мен перспективалары» халықаралық форумы өтті. Іс-шара Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне және БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының 20 жылдығына орайластырылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі жұмыстың жаңа тәсілдері мен нәтижелері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Төрағасы Асхат Жұмағали айтты.

«БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы көптеген елдер үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ортақ ісінде біртұтас бағдарға айналды. Қазақстан Конвенцияны 2008 жылы ратификациялады», - деп атап өтті Антикор басшысы.

Осы жылдар ішінде Қазақстан ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс атқарды.

Заңнамалық өзгерістермен бірге мемлекеттік органдардың ашықтығы, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік қызметтегі меритократия сияқты маңызды жемқорлыққа қарсы институттар енгізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметінде жемқорлықтың алдын алуға басты рөл берілген. Негізгі алдын алу құралы ретінде жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылады.

Оған негізгі құралдар –жемқорлыққа қарсы мониторинг және жемқорлық тәуекелдерін талдау кіреді.

Жалпы, бүгінде жемқорлыққа қарсы саясат үш негізгі бағытта жүзеге асырылуда – қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жою, жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Осы қағида бойынша Президент 2026 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті.

«Сыбайлас жемқорлықты адамзатты мазалайтын қауіпті аурулармен немесе мутацияланатын вируспен салыстыруға болады. Бірақ медициналық білімді үнемі жетілдіріп отыру, иммунитетті қалыптастыратын вакциналар жасау арқылы біз оба мен шешек сияқты ауруларды жеңдік. Кешенді шаралар нәтижесінде туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітім айтарлықтай төмендеді. Адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, дұрыс тамақтану, жаман әдеттерден бас тарту, яғни алдын-алу жағдайдың жақсаруына әсер етті. Сыбайлас жемқорлықпен де солай. Ұдайы алға жылжу мен жүйелі тәсіл маңызды», - деді Асхат Жұмағали.

Спикердің айтуынша, алдын алу, парасаттылық қағидаттарын енгізу, мәдени құндылықтар мен құқықтық сананы дамыту қажет. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы вакцина болады, ол біртіндеп, бірақ болашақта қоғамды осы «аурудан» арылтуға кепілдік береді.

Іс-шара соңында Агенттік басшысы ведомство қызметінің даму векторын белгілеп, жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты міндеті Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсарту болып табылады. «Босаңсу болса - жемқорлық қайтадан өсе бастайды. Сондықтан оған қарсы күрес үздіксіз, жосықсыз, кейде қатал болуы керек», - деп қорытындылады Антикор басшысы.




Тізімге оралу