«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»
Республикалық қоғамдық бірлестігі

Атырау университетінің деканы 6 жыл заңсыз жалақы алып келген

Декан Атырауского университета 6 лет незаконно получала зарплату 28.11.2023

Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы университеттің деканы шет елдерде жүрген күндеріне жалақы алып келген. Қазір негізсіз төленген қаржы қайтарылып, декан қызметінен босатылды, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл дерек «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бірлескен тексеруі кезінде анықталған.

«Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика және құқық факультетінің деканына жалақыны заңсыз аудару фактісі анықталды. 2017 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін аталған декан жұмыс күндері Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа елдерге бірнеше рет барған. Алайда, табельдерге жұмыс күндері ретінде қойылып, жалпы сомасы 1 млн теңгеге жуық төлем жүргізілген. Көрсетілген кезеңде деканға 80 жұмыс күні ішінде табельдерге ақылы күндер қойылды. Ал іс жүзінде ол жұмыс орнында болмаған», – деп хабарлады бірлестіктің жергілікті филиалынан.

Осыған орай Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз қызметі түсінік берді.

«Факультет деканы іссапарға жоспарланған мерзімнен ерте кеткен немесе кеш келген. Сонымен қатар отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан сұранған күндері табельде есептеліп, ақы төленгені анықталды. Сондықтан, оның қызмет еткен мерзімде жұмыста болмаған күндеріне төленген жалақы толықтай университетке қайтарылды. Қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін 2023 жылғы 20 қазанда декан лауазымынан босатылды. Ал 1 қарашадан бастап жұмыстан шығарылды», – деп хабарлады университеттен.

Қызметіне салғырттық танытып, заңсыздыққа жол бергені үшін лауазымды қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шеттетілген.


Тізімге оралу