2013 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық тәуелсіз қоғамдық сараптама ұйымы жұмысын бастаған еді. Содан бері жыл сайын қозғалыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүздеген іс-шара мен акция өткізіп, қылмыстың алдын алуға бағытталған бірқатар бастаманы батыл ұсынып келеді.
Осыдан бірер жыл бұрын БҰҰ Даму бағдарламасының деректерінде дамушы елдерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты шығын көлемі даму мақсаттарына арналған ресми көмек көлемінен он есе асып түсетіні туралы айтылған еді. Пандемия кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп одан сайын үдей түскен. Өкінішке қарай, тамырын жайған парақорлық ел дамуына нұқсан келтіріп, қоғамның кежегесін кері кетіріп жатқаны рас. Халықаралық құжатты 2008 жылы ратификациялаған біздің елде жемқорлықты жүгендеу күні бүгінге дейін өзекті болып қалып отыр.
Бұл жайында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына 20 жыл: қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктірейік» халықаралық конференциясына жиналғандар мәлімдеді. Айталық, еліміз 2003 жылы қабылданған БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясын 15 жыл бұрын ратификациялады. Осы жылдардың ішінде атқарылған шаруа көп. Мәселен, бір ғана «Жаңару» қозғалысы 10 жыл ішінде өз қатарына заңгер ғалымдарды, тәжірибелі қоғам және мемлекет қайраткерлерін, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін, журналистерді біріктіре алды. Сондай-ақ жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда атқарылуға тиіс шара одан да көп.
Форумға жиналған Үкімет, Парламент, Конституциялық сот, құқық қорғау органдары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен журналистер ұйым қызметіне оң баға бере келіп, сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты. Келелі кеңесте елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы дамыту, халықаралық шарттардың нормаларын ұлттық заңнамаға енгізу, құқық қолдану тәжірибесін бақылау, мемлекеттік органдардың ашықтығы, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетін және жастардың құқықтық санасын қалыптастырудағы ынтымақтастығын орнату мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл туралы О.Әбдікәрімов, Б.Мамраев, т.б. қайраткерлер арнайы пікір айтты.
Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. Бұл бойынша, бірнеше заңнамалық акті мен тұжырымдама да қолданысқа енді. Одан бөлек, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер мен әдеп жөніндегі комиссия жұмысы жанданды. «Жаңару» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиев алға қойған мақсаттарға жеттік деу әлі ерте екенін айта келіп: «Біз осы мәселелерді талқылап, конференция қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылдадық. Қазір мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты енгізу тәжірибесі бар. Дегенмен мемлекеттік органдар мен азаматтық ұйым арасындағы өзара іс-қимыл тұтастығы жоқ», деді.
Оның ойынша, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың жұмысында жариялылық жетіспейді. Мемлекеттік органдардың қызметін қоғамдық институттардың бақылауы көбінесе көрінеу сипатта. Ал қоғамдық бірлестіктердің әлеуметтік маңызды бастамалары әрқашан қолдау таба бермейді. Мемлекеттік қызметшілердің арасындағы құқықтық нигилизм фактілері жойылмай отыр. Жауапты тұлғалар мемлекеттік қызметкерлер туралы қоғамдық резонанс тудырған ақпаратты кеш хабарлайды. Олардың қысқартылған ақпараты әлеуметтік желілерде оқиғаның себеп-салдарын сырттай пайымдауға алып келеді екен. Осы айтылғандарды күні кеше болған қаңтар оқиғасындағы көріністерден анық байқауға болады. Бұл да мемлекет пен бизнестегі сыбайлас жемқорлықтың тереңдеп кеткенін көрсетіп берді.