«Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша кешенді іс – шаралар өткізу» атты «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жобасы аясында, бүгін Тараздағы «Астана» көпсалалы колледжінің бір топ студенттерімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің департаментінде, шекарашылардың музейінде және «БЕСАҒАШ» шекара бөлімшесінде болып, сарбаздардың жай- күйімен, тыныс –тіршілігімен танысылды.
Департаментте өткен іс – шарада Қазақстанның Мемлекеттік Гимні орындалып, «Мерзімді әскери қызмет өткеруге деген ынтаны арттыру» жобасы шеңберінде, мемлекеттік грантты жеңіп алған бірқатар запастағы мерзімді әскери қызметшілерге сертификаттар табыстау салтанатты рәсіміне қатыстық. Сонымен қатар ҰҚК шекара қызметі басшылығының «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымына Алғыс хат тапсырылды.
Өткен жылдан бастап Қорғаныс министрлігі мен еліміздің бірқатар жетекші жоғары оқу орындары арасындағы келісімге сәйкес әскери борышын мінсіз, үздік өтеген әскерге шақырылған сарбаздар ҰБТ ұпайынсыз және қабылдау емтихансыз жоғары оқу орнына түсе алатын болды.
Кездесу барысында шекара сарбаздары мен студенттермен сыр – сұхбат өткізіп, ер жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеу – өте абыройлы және азаматтық, перзенттік парыз екенін айтып, жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери – патриоттық рух қалыптастыру, шекара қызметінің айбынын асқақтатуға бағытталған әңгіме құрып, жас сарбаздарды қырағы, сақ, батыл болуға, міндеттерін адал атқаруға шақырдық.
Осы орайда, тәрбие – танымдылығы мол іс – шараға қолдау көрсеткен ҰҚК Жамбыл облысы бойынша шекара қызметі департаментінің бастығы, полковник Ғани Бекмұрзаевқа, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы подполковник Бекислам Абуевқа, орынбасары подполковник Данияр Сарымсақовқа, ҰҚК саласының ардагер- тәлімгері Қошан Жұмабаевқа алғысым шексіз!
Сол сияқты іс-шараға қатысып, қолдау көрсеткен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына, жастар ресурстық орталығына, «Астана» көпсалалы колледжінің басшылығына және іс-сапарда бірге қызмет атқарған «AULIE ATA – MEDIA” журналистеріне ризашылық білдіремін.
Еліміз аман, жұртымыз тыңыш болсын!