25.11.2026
2026 жылы 29 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, Медицина және денсаулық сақтау факультеттерінде «ЖАҢАРУ» РҚБ Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында маңызды кездесуөтіп дәріс оқылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты көзқарас пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру, болашақ мамандардың бойында азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Дәрістің спикерлері Джапаров Борис Аликенович – Алматы қаласы бойынша «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры және Мақұлбаев Бауыржан Есенгелдіұлы – Алматы қаласы бойынша «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының мүшесі.
Борис Аликенович өз сөзінде: «Сыбайлас жемқорлық – бір адамның ғана емес, бүкіл ұлттың дамуын тежейтін індет. Оны тек жазалаумен жеңу мүмкін емес. Оны жеңудің жалғыз жолы – сананы өзгерту. Ал сана тарихшының да, дәрігердің де бойында адал болуы керек. Тарихшы өткенді бұрмаламауы керек, дәрігер антына адал болуы керек», – деп атап өтті.Ал Бауыржан Есенгелдіұлы болашақ тарихшылар мен дәрігерлерге арнап: «Сіздер – ертеңгі қоғамның айнасысыздар. Сіздердің қолыңызда тарихтың ақиқаты мен адамның өмірі тұрады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Адалдық – сіздердің басты кәсіби құралдарыңыз болу тиіс», – деді.
Кездесу барысында спикерлер сыбайлас жемқорлықпен күрестегі қоғамның, әсіресе жастардың ролі туралы ашық пікір алмасып, студенттердің көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
Сұрақ-жауап форматында өткен бұл шара қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, әділетті қоғам құру жолындағы білім мен құқықтық тәрбиенің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
«ЖАҢАРУ» РҚБ Баспасөз қызметі




