Жемқорлықты жат санайтын ауылдар айқындалды

2127

Еліміздің Маңғыстау өңірінде Төлеп және Сарға сынды қаймағы бұзылмаған, «жемқорлық» деген жат қылықпен аты шықпаған  ауылдары бар. Ол аталмыш облыстың Бейнеу ауданына қарасты елді мекендер. Мұндай дәйекті деректі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова сөз етті.

Екі ауылдың тұрғындарымен өткен басқосуда мемлекеттік қызмет көрсету, оның сапасы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлық профилактикасы мәселелері айтылды. Шара кезінде Төлеп ауылында Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл тұрғыны «Бейнеу ауданына 45 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында қолға алынып жатқан ауқымды шаралардан хабардар және көңілдері толатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны, Бейнеу мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Айжақсы Жетпісова, ауылда сыбайлас жемқорлық деректерінің бұрын болмағанын және бұған дейін облыс орталығынан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің келмегендігін айтып, алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.

Менш.ақп.

Ақпарат көзі: ҚР МҚІжСЖҚІҚ агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі