«Жемқорлықсыз болашақ» семинар аясында не айтылды

97

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің  СҚО бойынша департаментінің «Антикор Орталығы» ғимаратында, 9 желтоқсан «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай,  «ЖАҢАРУ» Жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Н.Ш. Бұхаровтың төрағалығымен, «Үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» атты әлеуметтік жобасы аясында «Жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында семинар өтті.

Семинар жұмысына, алғы сөзімен және Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тақырыбында көтеріліп жатқан проблемалық сұрақтарды тыңдап, жергілікті мекемелермен атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жоба аясында көтерілген сұрақтарды қорытындылау үшін арнайы келген, Нұр-Сұлтан қаласындағы «ЖАҢАРУ» РҚБ мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы филиалының директоры Қаппаров Дарын Құралұлы, сонымен қатар  жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, партия ұйымдарының өкілдері, түрлі деңгейлі мәслихат депутаттары, ЖОО басшылығы мен студенттері қатысты.

Аталмыш жобаның басты мақсаты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа азаматтық сектор өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру. Халықтың құқықтық сауаттылығын, нормативтік-құқықтық актілердің сапасынарттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүние танымды қалыптастыру, халықты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асырылуның барысы туралы хабардар ету, нақты көмек көрсету. Азаматтық қоғам өкілдерін және «Adaldyq alany» жобалық кеңселерін жұмылдыра отырып, пікірталас және оқытуалаңдарын ұйымдастыруға бағытталған.

Семинар жұмысының күн тәртібінде қарастырылып отырған мәселелерге байланысты, ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салу үшін өз баяндамаларын Утегенов Ж.К. — «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ревизиялық комиссиясы» ММ мүшесі; Степаненко Е.Ф. — ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы; Хабибулин Д.Р. — ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы; Әпергенова Р.С. — «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университеті» КАҚ академиялық мәселелері бойынша проректоры; Әлібеков Р.З. — «NurOtan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы; Асаубаев Р.Ш. – «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы Медиа орталығы» РҚБ СҚОФ басшысы; Сәбитов С.Ж. — «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі; Смағұлов Н.М. — Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар аудандық мәслихатының депутаты; Залевский Ю.И. — Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық мәслихатының депутаты; Тоқпанов Ә.Б. — «Азаматтық Альянс ассоциациясы» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бірлестігінің мүшесі ортаға салды.

Отырыс аяғында, семинардың модераторы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «ЖАҢАРУ» бірлестігі басшысының орынбасары Н.Бұхаров өз сөзінде:  — «Қазіргі таңда әлемде болсын, елде болсын кең етек жайып, тамырын тереңге жіберген күн тәртібінің өзекті проблемаларының бірі – ол жемқорлық проблемасы болып табылады. Онымен күрес үшін жұмылдырылған күштер, бүгін аз еңбек атқарып жатқан жоқ екенін атап өткім келеді. Дегенмен, проблеманың күрделі болғаны соншалық, онымен күрес үшін енгізіліп жатқан түрлі кешенді механизмдер, оны түбегейлі жоюға әлі де қауқарсыз. Сол себепті, сыбайлас жемқорлықпен күрес, ол баршамыздың, мемлекет пен қоғамның, сіздер мен біздердің ортақ міндетіміз. Бәріміздің басымызды қосып отырған бүгінгі іс-шараның басты мақсаты осы» деп атап өтіп, қатысушыларға алғысын білдіріп, семинар жұмысын жабық деп жариялады.

Семинар нәтижесі бойынша анықталған ұсыныстар, Орталық аппаратқа жолданылатын болады.

 

«ЖАҢАРУ» РҚБ

СҚО филиалы