Жемқорлықсыз болашаққа бірге барайық

38
Бас фото ашық дереккөздерден

Жемқорлықпен күрес бұл тек құқыққорғау органдарының жұмысы ғана емес, бұл барлық Қазақстан халқының ісі, жемқорлықты мемлекеттік қызметтердің, бақылаушы органдардың күшімен жеңу мүмкін емес, бұған бүкіл қоғам қатысып, тиісті шаралар жүргізу арқылы ғана тосқауыл қоя аламыз.

Н. Ә. Назарбаев,

ҚР Тұңғыш Президенті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, ҚР Конституциясына сәйкес мемлекет басшылығын  Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанын білесіздер.

Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз үшін аса маңызды да мағыналы Үндеу жариялады. Онда еліміздің іргетасын қалап, тәуелсіздік туын желбіреткен Елбасының еліміз үшін сіңірген өлшеусіз еңбегіне аса зор баға берді. Біздер Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне кіріскен сәттен-ақ сыбайластық жемқорлыққа қарсы табанды күрес жүргізгенін білеміз. Осыған байланысты 2014 жылы ««Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы  жалпыұлттық қоғамдық қозғалыс» РҚБ шаңырақ көтерген болатын. Бұл ұйымға мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов төрағалық жасайды.

Жоғарыда айтқандай Елбасының қоғамдық дерт – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта салуға берген тапсырмасын нақты жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысында да «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-нің филиалы құрылған. Аталмыш филиалға белгілі заңгер Кажденбек Баймаханов басшылық жасаса, комиссия құрамына заңгер, кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен тартылған жеті азамат Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев пен Елбасы Қ.Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын әрі қарай жылжытып, жүзеге асыру үшін жоспарлы жұмыс жүргізуде. Халықтың бәзбіреулерінің санасында қалыптасып отырған жемқорлық, сыбайластық қатынастарға тиісті дәрежеде, нысаналы тосқауыл қоюды мақсат тұтамыз. Яғни, бұл дегеніңіз – адамдар санасын тазарту деп бағалаймыз. Осы бағытта мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, жеке секторлар мен шағын және орта бизнес өкілдері, ақсақалдар алқасы, бұқаралық ақпарат құралдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жемқорлықты жою жолында тиянақты да табанды күрес жүргізу қажет. Сондай-ақ жемқорлықтың барлық көріністерімен ымырасыз күрес жүргізу үшін ел арасынан халықтың болашағына бей-жай қарамайтын белсенді, елге сыйлы азаматтарды тартып, ортақ күш-жігерді біріктіруді мақсат етеміз. Сіздер мен біздер болып еліміздің болашағына үлкен сезіммен қарап, Тәуелсіздік туының желбірей беруі үшін экономикамыздың, әлеуметтік жай-күйіміздің, рухани байлығымыздың келмеске кетпеуіне жол бермеуіміз қажет. Сол сияқты қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнығуына, азаматтардың, заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру және сапалы мемлекеттік қызметтердің құқықтарына қойылған ҚР-ның заңнамаларында көзделмеген тосқауылдар мен шектеулердің алынып тастауына ықпал етеміз. Ашығын айтар болсақ, жемқорлық пен сыбайластыққа қатысты қоғамдық дерттер «Жаңару» жалпыұлттық қозғалысы арқылы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық назарына жоспарлы түрде ұсынылып отырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекет саясатының басты басымдық берілген бағыттарының бірі екендігін білесіздер. Жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығына, әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор тежеу. Содан да әлем бойынша орына алып отырған экономикалық ақуал көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты бізде ішкі ресурстарымызды талан-таражға түсірмеуіміз керек.

Жақында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық «Жаңару» жалпыұлттық қоғамдық қозғалысы» ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Үндеуіне байланысты астаналықтарға Үндеу жариялады. Онда ел астанасы-Нұр-Сұлтан қаласын жемқорлық пен парақорлықтан түбегейлі тазарту, яғни осынау қоғамдық дерттен ада қалаға айналдыруды мақсат етіп отыр. Біз де Қызылорда облысын осындай дерттен тап-таза аймаққа айналдырмасқа. Біздің бұл ұсынысымызды сырбойлықтар толықтай  қолдайтынына біз бек сенімдеміз.

Күні кеше біздің жалпыұлттық «Жаңару» қоғамдық қозғалысы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірлесе отырып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелері мен стратегиясын іске асыру шаралары» тақырыбында құқықтық оқыту семинарын өткіздік. Семинарда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылау инспекторы Қуаныш Жарекеев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық «Жаңару» жалпыұлттық қоғамдық қозғалысы бірлестігі облыстық филиалының аппарат жетекшісі Еркін Әбіл, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Жанат Исаева, Қарымсақ Серік,  Есенкелді Жалғасбаев, Рүстем Қарақұлов сөз сөйлеп, қоғамдық дерт – сыбайластық жемқорлыққа байланысты өзекті мәселелерді тілдеріне тиек етті. Алдағы уақытта осындай семинар-кеңестерді елді-мекендер мен мекемелерде де өткізуді жоспарға ендіріп отырмыз. Бұл жұмыстар тәуелсіздігіміздің тұғырын берік ете түсу үшін ел-халықпен тонның ішкі бауындай бірлесе атқаруға өте қажетті шаралар болып табылады.

Сөз соңында «Жаңару» сыбайласты жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қоғамдық қозғалысының есігі сіздер үшін әрдайым ашық екенін білдіремін.

Ардагер Сақтағанов,

«Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас

жемқорлыққа қарсы бірлестігі» РҚБ

филиалы төрағасының орынбасары