Жемқорлықпен күрес жолындағы жұмыс жалғасуда

7541

«Маңғыстау — адалдық алаңы» жобасы аясында М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясының Ақтау көлік колледжінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы лекторлық топ мүшелмен кездесу өтті.

      Мұнда білім саласындағы жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнама нәтижесі талқыланды. Жасырын сауалнамаға қатысқандар заңсыз сыйақы беруге жағдай жасайтын оқытушылардың іс-әрекетіне куә болғандарын, оқытушылардың авторлық кітаптарын өткізуге мәжбүрлейтіндігін, дайындық үшін емтихан сұрақтарының тегін таратылмайтындығын, дене шынықтыру пәнінен оң баға алу үшін студенттердің кеңсе тауарларын және басқа да заңсыз сыйақы түрлерін беруге мәжбүр болатындығын, емтихан кезінде оқытушыларға түскі ас ұйымдастырылатындығын, студенттердің оқытушыларға пара беретіндігі, жатақханада орын бөлу кезінде әкімшілік кедергілердің кездесетіндігін жеткізген. 
          –Білім саласындағы сыбай­лас жем­қорлық – біздің бола­ша­ғымызға теріс әсер етеді. Себебі білім беру ұйымдары баланың бойына біліммен қатар  адалдық, тазалықты сіңіре білуі керек. Көбіне, колледждер өз статустарын сақтап қалу үшін сападан бұрын санға көп мән береді. Тіпті, үлгерімі нашар балаларды грант  бөлімінде қалдыру үшін оларға жоғары баға қою фактілері де кездеседі. Ал, оның ертеңгі күні қандай маман боларына назар аудара бермейді. Міне, құжатта бестікке оқып, бірақ өз мамандығын дұрыс меңгермеген маман ертең өзі еңбек еткен салада түрлі олқылықтың орын алуына жол береді,-деді «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-ның Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дайрабай Үсіпбаев.

Менш.ақп.