Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізген белсенділер «ЖАҢАРУ» қоғамдық бірлестігінің төсбелгілері мен куәліктеріне ие болды

355

Аталмыш іс-шара Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметі» ММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында өткен дөңгелек үстел үстінде өтті.

 Жиынға қатысқан «ЖАҢАРУ» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев қоғамдық бірлестіктің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің атынан төсбелгілер мен куәліктер табыстап, алғыс білдірді.

 Атап айтар болсақ, алғысқа бөленгендердің ішінде «Оңтүстік» қаржы компаниясы АҚ Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі, халықаралық Д. Қонаев қоры бөлімшесінің төрағасы  Аманкелді Карентаев, Тараз инновациялық гуманитарлық университеті ардагерлері кеңесінің төрағасы Жәнібек Майханов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы  Әлімқұл Тұрысов бар.

  Сонымен қатар филиал басшысы Қасымхан Төлендиев баяндама жасап мемлекеттің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен онжылдық стратегия төңірегінде де әңгіме қозғады.

  Одан өзге дөңгелек үстел айналасында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптары, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа  қарсы иммунитетті қалыптастыру мен өзге де заң талаптары жан-жақты айтылды.

Менш. ақп.