«Жаңарудағы» жаңа жыл бастауы

244

      Ұлыстың Ұлы күні- Наурыз мерекесін  «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық  қоғамдық бірлестігі де өзінің ерекше сән-салтанатымен көш бастады.  14 наурыз- Көрісу күнінен бастап  Жаңа жылды қарсы алуға белсенді  атсалысқан «Жаңарулықтар» өзінің жөн-жоралғысымен қыстан аман-есен шыққан халықтың шуақты- Гүл көктемге жетіп, көңілдерінде қалған кірбіңді ұмытып, татуласуға, ынтымақ пен бауырластыққа ұмтылатын керемет дәстүрдің нық белгісін дәріптеп Әз Наурызды ерекше құрметпен қарсы алды. Бүгінгі күні Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық,  барша жұртшылық болып сағына күтетін тамаша дәстүрлердің біріне айналды.

      Осы орайда  үлкендердің, игі жақсы адамдардың батасын алып, олардың ыстық сүйіспеншіліктеріне бөленіп салт-дәстүрлерге байланысты олар білетін ой-толғамдарды, әдет-ғұрыптарды бойымызға тереңінен сіңіріп, білім көкжиегімізді кеңейту мақсатын көздедік.  Бұл мақсатта  ауылдың қаймағы бұзылмаған үлкен мәдениет ордасы екенін,  озық салт- дәстүрлер  мен әдептердің сақталған қайнар көзі екенін жан жүрегімен сезініп, жастарға, болашақ ұрпаққа тағылым-тәрбие, ұлағатты асыл  қазыналарымызды   дәріптеп жүрген   «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Зайноллаұлы Семғалиевпен сұхбаттасқан едік.

«Көрісу- көне замандардан бері келе жатқан дәстүріміз болып саналады, бірақ көбінде Батыс Қазақстан, Ақтау, Маңғыстау облыстарында ерекше сақталған. Бала кезден ауылда өсіп, көзбен көріп, көңілге түйгеніміз- бұл күні міндетті түрде жасы кішілер үлкен ақсақалға, абызға, жалпы айтқанда, жасы үлкен кісілерге арнайы барып, қолын алып, жүздесіп, оларға сый-құрмет жасап, батасын алады. Татулықтың, бірліктің, бауырмалдықтың, қарапайымдылықтың үлгісіндей болған Ұлық мерекенің баталы үрдіс, салттарымыздың ұрпақтан  ұрпаққа жалғасын табатынына сенімім мол және осы орайда тәрбиелік мәні үлкен осындай мейрамдарды, салт-дәстүрлерімізді әрдайым құрметтеп, төрімізге шығарып жүруге белсенді түрде атсалысамыз»-деді  өзінің жүрекжарды сөзінде М.Семғалиев.

Жаңарудың белсенділері бас қосқан Наурыз думанда  Наурыз мерекесі кезінде жасалатын — бата  беру, тұсаукесер, жыл қайыру, белкөтерер, ұйқыашар, селт еткізер сияқты  тамаша салт-дәстүрлердің жасалу жолдары мен орындалуы әңгімеленіп, кеңпейілділік пен қонақжайлылықтың, бағалы дәстүрлеріміздің бірі-  жеті түрлі дәмнен жасалатын ұлттық тағамымыз- Наурыз көжеден дәм татып, оның жасалу жолдарын саралап,  «Бір күн дәм татқанға- қырық күн сәлем» екенін жүрекке тоқыдық.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Пәле-жала жерге еніп,

Қайда барсаң жол болсын!-деген бата-тілекпен барша халқымызды  Жаңа жылымызбен құттықтаймыз!

 «ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі