«ЖАҢАРУ» РҚБ Маңғыстау филиалы 10 аса журналистке алғыс хатын табыстады

2059

Әр жылы маусым айының соңына келетін Ақпарат және байланыс мерекесі қаламы қарымды, сөзі өтімді журналистер үшін ерекше, яғни төл мейрам. Еңбектері еленіп, алғысқа бөленетін күн. Биыл бұл іс-шара «ЖАҢАРУ» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы басшысы Дайрабай Үсіпбаевтың да назарынан тыс қалмады. Өңірдегі серіктес тілшілерді жинап  алғыс хатын табыстады.

 — Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі Ақпарат және байланыс күнімен құттықтаймын. Тәуелсіз мемлекетіміз идеологияға баса назар аударып отырған бүгінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екені белгілі. Біздің атқарған азды-көпті еңбегімізді халыққа таныстырып отыратын осы баспасөз құралдарына рахмет. Біз қашан да қоғамдық-саяси әлемде серіктес ретінде бір-бірімізбен байланысымызды арттыра береміз деп сенемін. Кәсіби мерекелеріңіз жемісті де, жеңісті бола беруіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін, — деді филиал басшысы Дайрабай Үсіпбаев құттықтау сөзінде.

 Лайықты марапатқа 10 аса журналист ие болды. Олардың ішінде «Маңғыстау медиа» , «Маңғыстау» телеарнасы, «Жолбаян» радиосы, «Тумба» ақпараттық саяси порталы секілді бірнеше өңірлік БАҚ өкілдері бар.

— Құрметті Дайрабай Мамашұлы! Бізге білдіріп жатқан ілтипатыңыз үшін үлкен алғыс білдіреміз. Қашан да әріптестік қатынаста болып, жақсы жаңалықтарыңызбен бөлісе беріңіздер. Біз үшін де, ел үшін де ол өте маңызды. Сіздердің де жұмыстарыңызға табыс тілейміз, — деп «Огни Мангистау» газетінің тілшісі Айнур Кемалова «ЖАҢАРУ» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы басшысына журналистер қауымы атынан ризашылық білдірді.

Менш. ақпарат