«ЖАҢАРУ» РҚБ мүшелері жемқорлыққа қарсы жұдырықтай жұмылуға шақырды

133

Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Сондай-ақ соңғы 3 жылда 900 адам сыбайластыққа жол бергені үшін істі болған. Бұл мәселе елімізде кеңінен талқыланып, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.  Осыған байланысты,  жуырда Ақтау қаласындағы «Достық»  үйінің мәжіліс залында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыxалықтық қозғалыс»  республикалық қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «дөңгелек үстел»  өтті.  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру- заман талабы»  тақырыбында өткен басқосуға  аталған қоғамдық бірлестіктің Нұрсұлтан қаласы филиалы төрағасының орынбасары- Сарыарқа ауданы филиалының төрағасы Болатбек Ысқақов,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті алдын алу және парасаттылық  басқармасының бас маманы Жанна Шыртанова, сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыxалықтық қозғалыс»  республикалық қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Дайрабай Үсіпбаев баяндама жасап,  қоғам дертіне айналған індетпен күресу жолдарына, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда Президент ұсынған 7 негізгі шараның әрбіріне жеке тоқталды.

  • Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың нәтижесінде қоғамда мұндай келеңсіздіктердің кейбірінің  саны азайғанымен, пара алу, пара беру жағы көбеймесе кемімей отыр. Өткен жылғы мәліметтерге сүйенсек, былтыр Маңғыстау облысында 100-ге тарта сыбайлас жемқорлық дерегі тіркеліп, 92 қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары ішінде 91 адам пара алу бойынша істі болған. ​Біз, шыны керек, пара алу немесе пара беру сияқты қылмыстарға қалыпты жағдай ретінде қарауға бойымыз үйренген. Құдды бір пара бермесе мәселе шешілмейтіндей түсінік қалыптасқан. Сондықтан біз ең алдымен тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға күш салуымыз керек. Мемлекет басшысы ұсынған осы 7 негізгі шараны жүзеге асыруға   «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыxалықтық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі мүмкіндігінше өз үлесін қосып келеді, — деді ол.

Дөңгелек үстел қонақтары жиынға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қарапайым азаматтардан бастап, мемлекеттік орган қызметкерлері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұдырықтай жұмыла күресу керектігін түсіндірді. Әркім өз құқығын талап етіп, сыбайластыққа мүлдем төзбеушілік принципін ұстанса, жемқорлық фактілерінің азаяры сөзсіз. Жаңарулықтар  әрбір азамат тұрғындар арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды насихаттап, аянбай еңбек етсе оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын жеткізді.