Қызылордада ең жас кеңесші тағайындалды

30

Қызылордада 15 жастағы мектеп оқушысы Дамир Бозаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Жаңа лауазым иесі Қызылорда қаласындағы №176 орта мектептің 9 сынып оқушысы. Ендігі уақытта жас кеңесші оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы «Адал ұрпақ» клубтарының қызметін үйлестіру бойынша қоғамдық жұмыстарды атқаратын болады.

Өз кезегінде департамент басшысы Абзал Мұхимов:

— Біз оқушыларды адал еңбек етуге шақырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу жұмыстарын жүргізудеміз. Осы бағытта «Адал ұрпақ» клубтары зор үлесін қосуда. Өткен жылы осы клубтардың қызметін бір жерден үйлестіру мақсатында республикада алғашқы болып облыстық штаб құрған болатынбыз. Сондықтан клубтардың қызметін одан әрі дамытумен тікелей айналысатын кеңесшіні бекітіп отырмыз. Дамирді басшылардың ең жас кеңесшісі десек те болады. Себебі, сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы жастарға жастар тілімен жеткізу көп нәтиже береді деп ойлаймыз, — деп пікір білдірді.