Қызылордада бизнеске кедергі келтірген 15 мемлекеттік орган қызметкері жауапкершілікке тартылды

871

Ол жайлы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен 3-ші облыстық кәсіпкерлер форумында айтты.

  • Соңғы үш жылда кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 617 өтініш түсті. Өтініштерді қарау нәтижесімен 1,6 млрд. теңгеден астам қаражаттың кәсіпкерлердің өздерінде қалуына көмек көрсетілді. Бұл сома күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан және басқалардан құралды, — деді Ғалымбек Жақсылықов.

Оның айтуынша кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алулар, жер, сәулет, құрылыс мәселелері мен жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне қатысты шағымдар.

Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келітіріп, бизнес өкілдерінің құқығын бұзған мемлекеттік органдардың 15 лауазымды тұлғасы палата ұсынысымен тәртіптік және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылған.

Қазіргі уақытта аймақта бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғайтын «Рrotecting business and investments» жобасы жұмыс жасауда. Жобаның фронт-офисіне кәсіпкерлер мен инвесторлардан биылдыққа 44 өтініш түскен. Оның 41 оң шешімін тауып, қалған 3-уі қаралу үстінде.

Форум соңында отандық өнім өндіруші бизнес субъектілерінің инвестициялық жобаларын сүйемелдеу туралы келісімдерге қол қойылды.