Талғат Нәрікбаев: Сапасыз маман даярлайтын университеттер бюджет ақшасын қайтаруы керек

116

Маман грантпен оқыған ЖОО түлектерінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін енгізу қажет деп есептейді. «Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті» АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев 2013-2019 жылдар аралығында KAZGUU ректоры қызметін атқарған. 2018 жылдың қазан айынан бастап ол Қазақстанның 11 жоғары оқу орны мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кіретін Академиялық адалдық лигасы жалпы жиналысының төрағасы, ал 2019 жылдың шілде айынан бастап – ADAL BILIM жобалық кеңсесінің басшысы  Осы орайда Informburo.kz тілшісі Талғат Нәрікбаевтан жоғары білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және кадр даярлау мәселесі жайлы сұрап білді.

– 2008 жылдан бері университеттің басқарма төрағасы қызметін атқарасыз. Осы жылдары сіз басқаратын оқу орны жоғары білім беру саласына қандай тың өзгерістер әкелді?

– KAZGUU-да оқу бағдарламасы толығымен еуропалық стандарттарға сай жасалған. Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастырудың және білім сапасының жоғарғы дәрежесін білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредиттеу рәсімі растайды. Біздің ең басты ерекшелігіміз – FIBAA, ACCA, ICAEW, CIMA Operational Level, CFA Level 1 және басқа да халықаралық және ұлттық аккредиттеу рейтингтік агенттіктерінің университетімізді мойындауы. Сондай-ақ, басты жетістіктеріміздің бірі – Болон процесіне қатысып, университетте білім берудің несиелік жүйесін толығымен енгіздік. Яғни студенттер оқитын пәндерді өздері таңдайды, оқу кестесін өздері жасайды, оқытушыларды таңдауға да мүмкіндігі бар. Елімізде толығымен кредиттік жүйеге көшкен жоғары оқу орындары аз. Ал бұл көрсеткіш ЖОО-ның халықаралық деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар 2017 жылы оқытуды басқарудың танымал әлемдік бренді CANVAS жүйесін енгіздік. Сондықтан Қазақстанда төтенше жағдай режимі басталғанда оқытушылар да, студенттер де қашықтан оқуға дайын болды. Мұнда барлық оқу процесі, курс мазмұны, оқу аналитикасы, бағалар, сабаққа қатысу, студенттерге арналған тапсырмалар біріктірілген. ZOOM сияқты видео байланыс платформаларын да бұл жүйеге еш қиындықсыз интеграцияладық. Плагиатқа жол бермеу үшін түпнұсқа мен авторлықты анықтау қызметтерін ұсынатын халықаралық Turnitin жүйесін пайдаланамыз. Сондай-ақ, бізде Harvard, Cambridge сынды басқа да танымал университеттерде білім алған, «Болашақ» стипендиясы бойынша оқыған мықты оқытушылар білім береді.

– Студенттер емтихан тапсырғанда бақылаушының рөлін атқаратын онлайн прокторинг жүйесі Қазақстанда енді қолданыла бастады. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Нәтиже қалай?

– Пандемия еліміздің жоғары оқу орындарының барлығын қашықтан оқу форматына көшуге ғана емес, оқыту сапасын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауға да мәжбүр етті. Прокторинг жүйесі әлемде кең тараған. Емтихан басталғанда жүйе әрекеттің көшірмесін көріп отырады. Дауыс анықтаудан бөлек, жүйе іс-қимылдарды, тіпті бөтен дыбыстарды да анықтайды. Proctorio студентті дәл сол уақытта веб-камера арқылы бақылап, артық қимыл жасамауын қадағалайды. Студент «шпаргалка» пайдаланса немесе досынан көмек сұраса, байқап қояды. Тіпті адамның көзі мен еріндерінің қимылын да байқайды. Егер студент ереженің 70 пайызын бұзса, емтиханнан шығарылады. Емтихандардың онлайн форматта әділ өтуін енді компьютерлер қадағалайды. Қазіргі студент – болашақта сіз бен бізге тікелей байланысы бар маман. Адамдар оқу бітіргенде дұрыс білім алып шығуы керек. Өйткені, кейін олар өзімізді емдейді, сот төрешісі болады, бізге мемлекеттік және күнделікті өмірде пайдаланатын басқа да қызметтерді көрсетеді.