Таяуда ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы М.Е.Утаралиевтың төрағалығымен облыстық семинар-кеңес өтті.
Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлық тәуекеліне байланысты сұрақтар қарастырылды.
Семинар-кеңеске «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілдері, полиция полковнигі, «ҚР полициясының еңбек сіңірген қызметкері», заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің профессоры Талғат Хасанұлы Рахметов, БҚО және аудан басқарма басшылары, мамандар қатынасты.
Кеңес барысында «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22 -бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті екендігіне басты назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген 2022-2026 жылдарға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында»: «Соңғы бес жылда мемлекет аграрлық секторды қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған» — деп көрсетілген. Бұл мәселе қоғамда әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Бұл тек мемлекеттік немесе құқық қорғау органдардың ғана емес, барша қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, азаматтардың араласуын, белсенділігін қажет етеді.
Осы орайда, заң талаптарының орындалуы туралы Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекцияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы 9 ай ішінде атқарылған жұмыстары тыңдалды, жемқорлық тәуекелі талқыланды, сұрақтарға жауап берілді, тиісті шешімдер қабылданды.
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі