Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

238

Кеше 8 ақпан 2023 жылы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ-ің Астана қалалық филиалының қолдауымен, Астана қаласы Әкімдігінің «Ілияс Жансүгіров атындағы №58 Мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК педколлективімен бірлесіп оқушы жастар арасында «Сыбайлас жемқорлыққа — жол жоқ» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы кезекті дәріс (лекция) шарасы өткізілді.
Шараның басты мақсаты болашақ оқушы жастар арасында  “Сыбайлас-жемқорлық” деген ұғымды түсіндіріп, пайда болу жағдайлары жайлы түсінікті қалыптастыру, шара барысында пікірталас алмасу арқылы, өз көзқарастарын білдіріп, дүниетанымдарын кеңейту, өз мемлекетіне жауапкершілікпен қарау және әділдікке тәрбиелеу сынды кағидаларын жастар санасына калыптастыру болып бағытталады.
Аталған шараға қатысып, дәріс оқыған «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің Астана қалалық филиал басшысы Дәулеткерей Рахметуллаұлы, өз сөзінде, бүгінгі таңда Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық. Мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, ел экономиясы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығыменен, ажырамас бірлігімен танылдық. Құрметті оқушылар әрқашанда адамдық жақсы қасиеттерді сақтап, мақсатты нәтижелерге жету үшін, өз мүмкіншіліктеріңмен жетуге тырысыңдар! Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ! -деп аяқтады сөз соңында Даулеткерей Рахметулаұлы.
«Ілияс Жансүгіров атындағы №58 Мектеп-гимназия» директоры, педагогика ғылымының кандидаты, физик-матиматик Самал Ботаханқызы Нұғыманова, мектеп оқушылар президенті Томирис Жанболатқызы Шойынбек арнайы қатысып баяндама жасады.
Жиында Астанадағы мемлекеттік органдардың, «ЖАҢАРУ» РҚБ-мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан жұмыстары, өскелең ұрпақ бойында аталған мәселеге қарсы «иммунитет» қалыптастыру бағытындағы іс-шаралардың барысы таныстырылды.
Сондай-ақ оқу орында орналасқан сенім жәшігі, директор блогы, оқушылар, оқытушылар сауалнамасы секілді бірқатар жұмыстардың көрсеткіші талқыланды.

Шараға «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің Астана қалалық филиал белсенділері Балнұр Жұмахан, Дина Жұматайқызы және де коллективте тәрбие жұмысы жөніндегі мұғалімдер мен бірқатар гимназия оқытушылары мен оқушылары қатысып отырды.
Сонымен бірге аталған тақырып бойынша видеоролик көрсетіліп, Самал Молдағалиева, Анель Сатыбалдиева, Ақмарал Қанат, Жанеля Жангүл шара қонақтарына сауалдарын жолдап, пікір білдіріп, сұрақтарына толық, түсінікті жауап алды.

  ЖАҢАРУ РҚБ

 Орталық аппараты.