Кеше «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық аппаратында «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің Астана қалалық және Алматы аудандық филиалдарының және Алматы ауданы әкімшілігі аппаратының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік карикатура» тақырыбында жарияланған ашық конкурстың нәтижесі сараланған маңызды кездесу өтті.
Аталған ашық конкурстың мақсаты- биылғы жылы «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» тақырыбындағы әлеуметтік жоба аясында жастардың бойында қоғамдағы қауіпті індетке айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, елімізде әділеттіліктің салтанат құрып, адамдардың жақсы білім алып, салиқалы өмір сүруі бағытында да бұл індетпен күресудің өзектілігін дәріптеуді қамтыды.
Кездесуге «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің төраға орынбасары, Астана қалалық филиалының директоры Д.Рахметуллин, Астана қалалық филиалы директорының орынбасары, Алматы аудандық филиалының директоры Д.Қаппаров, «ЖАҢАРУ» РҚБ-нің аппарат басшысы Қ.Алиев, баспасөз хатшысы А.Мұсабаева, Астана қалалық Университетінің педагогикалық, медициналық колледждері мен мектеп ұстаздары, студенттер, оқушылар қатысты.
Конкурстың ерекше екпінмен ұйымдастырылып, оған аудан мектептерін, колледждерді қатыстыруды бағыт-бағдарына алып, табысты шығармашылық қызметтер жасаған «ЖАҢАРУ» РҚБ Алматы аудандық филиалының директоры Д.Қаппаров пен Алматы ауданы әкімі М.Саматұлының Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мақсатындағы келелі бастамаларын қолдай отырып, бекіткен іс-шара жобасының аясындағы халық игілігі үшін жасап отырған елеулі еңбектері деп айтуға болады.
Конкурсқа Алматы ауданындағы 28 мектептің ішінен -10 мектеп, атап айтар болсақ, 29,73,48,38,53,86,22,57, 91,37 білім ордалары осы маңызды тақырып аясындағы байқауға қатысып, қоғамда болып жатқан кереғар құбылыстарға бей-жай қарай алмайтындықтарын, оған қарсы тоқтаусыз күрес жүргізуге дайын екендіктерін өздерінің аса белсенділіктерінен байқатты. Бүгінгі таңда Алматы ауданы бойынша бес колледж жұмысын атқарып жатқан болса, оның ішінен байқауда 2 колледж бой көрсетті. Айқындап айтар болсақ, Астана қаласының Астана қалалық Университетінің педагогикалық колледжі мен Астана қаласы әкімдігінің «Медициналық колледжі» МКҚК қатысып, маңызды шарадан тыс қалмады.
Байқау қорытындысы бойынша «Өзекті сурет», «Күрделі сурет», «Шынайы сурет» және «Жас жүлдегер» номинациялары бойынша 10 оқушыға мадақтама грамоталары беріліп, өздерінің өзекті тақырыпқа сай ерекше шығармашылық ізденістерін жасап, сурет арқылы қоғамдағы шынайы шындықты шырқыратып жеткізген студенттер мен оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Кездесу барысында ҚР-ның Ішкі Істер Министрлігінің Қоғамдық кеңес мүшесі, Құқық қорғау саласының майталман маманы, «ЖАҢАРУ» РҚБ төраға орынбасары, Астана қалалық филиалы директоры Д. Рахметуллин жас жеткіншектерге адалдық пен әділеттіліктің жолында жүру, оны қызғыштай сақтап, қорғап, «елімізге өз үлестеріңді қосатын азамат болыңдар»- деп үлкен сенім білдіріп, алдағы өмір жолдарына сәттіліктер тіледі.
Ерекше кездесуде оқушылар өздерінің байқауға алып келген шығармашылық жұмыстарымен таныстырып, қоғамда болып жатқан сыбайлас жемқорлық көріністерін ешқандай бүкпесіз, шынайы бейнелей отырып, көңілдеріндегі түйткілді сұрақтарды сурет арқылы беріп, көз алдымызға жемқорлар мен жемқорлықты әшкерелейтін элементтерді көрсетіп берді.
Мұндай маңызды байқаулар алдағы уақытта да жастардың болашағы, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өз жалғасын таппақ.
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі