Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы спорттық іс-шара өтті

2609

Астана қаласы Политехникалық колледжінің студенттері арасында «Жастар жемқорлыққа қарсы» атты спорттық іс-шара өтті. Аталмыш спорттық сайысты ұйымдастыруға мұрындық болған «Жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ» РҚБ Астана қаласының Сарыарқа аудандық филиалының басшысы Болат Искаковтың айтуынша мұндай шаралардың жастарға берер тәрбиесі зор.

      — Сыбайлас жемқорлық — қоғам індеті. Сондықтан жастарды жақсы жолға жетелеу, оларға түзу жолды көрсетіп, сол жолда еңбек етуге баулу біздің міндет. Міне, бүгін ұйымдастырып отырған шараның да бар мақсаты осы. Себебі парақорлықтың кез келген көрінісіне қарсы тұру жастар үшін ерекше мәнге ие, — деді өз сөзінде Сарыарқа аудандық филиалының басшысы Болат Искаков.

     Бұл шарада жүзден аса студент волейбол, баскетбол, тартыспақ тағы да басқа спорт түрлерінен бақ сынасты. Іс-шараның қонағы болған ҚР Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл жастарға белсенділіктері үшін алғыс білдіріп, болашақта ақ жол тіледі.

  Сайыс нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, мадақтау парақтары мен алғыс хаттарға және өзге де сый-құрметтерге ие болды.

Ұлту Жүзбай