Спортта да «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар кездеседі – «ЖАҢАРУ» РҚБ

853

Жуырда      «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық лекторлық топ мүшелері спортшылармен кездесті.

​Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын таныстыра отырып, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізудің мән-жайын баяндап, жемқорлыққа қарсы жұмыста белсенділік танытуға шақырды. 

Басқосуда «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-ның Маңғыстау облыстық филиалының басшысы, облыстық арнайы мониторинг тобы жетекшісінің орынбасары Дайрабай Үсіпбаев сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылысқа бүкіл қоғам болып жұмылып қарсы тұрған жағдайда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын айтты.

  • Сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстарға негізінен лауазымдық қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану тұрғысындағы қылмыстардың барлығы сыбайластық арқылы жасалады. Қазір бiз жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк қабілеттерімізді дамытумен қатар, түрлі салалардағы жетістіктерімізді саралау. Дене шынықтыру мен спортты дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының шешуші бағыттарының бірі. Жасыратыны жоқ, кейде үлкен жарыстарға мемлекеттің абыройын қорғауға елдің үміт еткен адуынды спортшыларынан гөрі бұғанағы қатпаған спортшылар жіберіліп жатады. Осындайда ел арасында «бармақ басты, көз қыстыға» жол берді деген пікір айтылып жатады. Сондай ой-пікір қалыптаспас үшін  қай салада да ашықтық пен адалдық алдыңғы орында болғаны дұрыс,-деді «ЖАҢАРУ» РҚБ филиалының директоры Дайрабай Үсіпбаев.

       Жиында спортшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы дайындалған бейнероликті тамашалап, мамандарға көкейіндегі сауалдарын қойып, кеңінен әңгімелесті.

Менш.ақп.