Сандық технологияны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоймақ

548

Оңтүстік Қазақстанда білім саласындағы сыбайластықтың алдын алу мен жемқорлыққа қарсы күреске  жаңа амалдар қосылмақ, деп жазады zhasalash.kz. Мәселен, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мектеп директорларын енді өзгеше амалмен тағайындалса дейді.

Соңғы үш жылдың көлемінде өңірде білім саласының 55 қызметкері сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық фактілеріне жол бергені үшін тәртіптік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мектепте заңсыз ақша жинау, педагогтарға біліктілік санаттарының ақшаға сатылатыны туралы жағымсыз әңгімелер көп. Өкінішке қарай, директорлардың, аудандық білім бөлімі басшысының парамен ұсталу оқиғаларына да тоқтам болмай тұр. Парақорлық қылмыстары, негізінен, кадрларды жұмысқа қабылдау кезінде орын алады.

– Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып отыр. Осыған дейін педагогикалық қызметке кандидаттар, жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарын аралауға мәжбүр еді. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін веб-портал арқылы онлайн-өтінішті жолдап, конкурстық негізде іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылдауға комиссияға ұсынылады. Бұл жұмыстар қоғамда орын алатын сыбайлас жемқорлық фактілерінің туындауына біршама кедергісін туғызады деп санаймыз, – деді  әкімдікте жуырда өткен жиында  облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы.

Бұл жүйе қазіргі уақытта  Шымкент қаласындағы барлық мектептерге орнатылған. Нәтижесінде қаладағы білім ұяларында – 12, ал облыс бойынша 205 бос жұмыс орны бар екені анықталған. Дегенмен кейбір аудандарда аталған жүйенің мақсатты жұмыс істеуі үшін қажетті кабинеттер жабдықталмаған. Сонымен қатар бұл жүйенің және кабинеттің жұмысын үйлестіру үшін ІТ-мамандар бірліктері бөлінбеген. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Сонымен қатар мектеп директорларының оқу-тәрбие және педагогикалық инновация жұмыстарымен айналысуына толық мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруды және мектеп ғимараттарын ұстау қызметтерін жаңа формада жасау үшін жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық қызметіне беру механизмін қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды.

–Біз білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы дәстүрлі жүйені түбегейлі өзгертіп, жаңашылдыққа бет бұруды бастадық. Ол  заман талабы. Қазіргі таңда облыс бойынша жеті ауданда 25 мектеп директоры лауазымы қызметіне бос орын болғанымен, сайтқа жарияланбай отыр. Олар Арыс, Қазығұрт, Мақтаарал, Отырар, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандары. Сонымен қатар 2018 жылдың І тоқсанында білім басқармасына жеке тұлғалардан 104 арыз-шағым келіп түссе, оның 68-і мектеп басшылығына қатысты, 9-ы сыбайластық фактілеріне, 12-сі еңбек қатынасына қатысты, қалған 15-і өзге де мәселелерді құраған. Міне, осы проблемаларды болдырмау тікелей жергілікті әкімдіктің жұмысы. Білім саласына сандық технологияның жетістіктерін және өзге де жаңа заманғы жүйелерді енгізіп, туындаған мәселелерді түбегейлі шешудің жолын табу керек, – деді облыс басшысы.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев білім саласы бойынша талдау жұмыстарын жүргізуді және кемшілікке жол берген мамандарға тиісті шара көруді, мектеп директорларын ротациялау бойынша ұтымды ұсыныс жасау қажеттілігін айтты. Себебі арнайы зерделеу барысында бір мектепте 15 жылдан жоғары – 36, 20 жылдан жоғары 19 директор қызмет ететіндігі анықталған.

Мектеп директорларын тағайындауға қатысты талапты білім және ғылым министрлігі де қатайтып отыр. Аудандық білім бөлімі басшысының мектеп директорын бірден тағайындай салу үрдісі жойылды. Жаңа тәртіпке сәйкес, кандидат бірнеше комиссияның сүзгісінен өтетін болады. Іріктеу төрт этаптан тұрады. Кандидат алдымен мектептегі қамқоршылық кеңесінің оң қорытындысын алуы керек. Бұдан кейін тиісті заңдардан тест тапсырады. Одан кейін аудандық білім бөлімінің, соңынан облыстық білім басқармасындағы комиссияның әңгімелесуінен өтеді. Білім және ғылым министрлігі мектеп директорларын тағайындауда осындай ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етіп отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 1829 мектепке дейінгі ұйым, 1038 мектеп, 94 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, 54 қосымша білім беру ұйымы бар. Білім басқармасының мәліметінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында өңірде білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылған жүйеге көшірілуде.  «balabaksha.shymkent.edu.kz» жүйесіне Шымкент қаласындағы 394 мектепке дейінгі ұйым енгізілген. Осы жүйе бойынша мектепке дейінгі білім ұйымдарына баланы орналастыруға жолдама электронды түрде берілуде. Биыл 1-сыныпқа барлық оқушыларды электронды түрде қабылдау жүргізіледі. Білім беру ұйымдарын онлайн режимде басқару жүйесі арқылы мұғалімнің қатаң есептегі құжаттармен (сынып журналы, сабақ кестесі, күнтізбелік және сабақ жоспарларын, үй тапсырмаларын)  жұмыс істеудің мобильдік қосымшасы енгізілетін болады.