Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Назымбек Бекежанов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
— «Трансперенси Интернешнл» — халықаралық рейтингтік компаниясы әзірлеген әлемдегі сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің зерттеу саласындағы кең тараған бағалау жүйесі болып табылады, — дейді Назымбек Бекежанов. — 2017 жылғы «Жемқорлықты қабылдау индексі» нәтижелері бойынша рейтингке енгізілген 180 елдің 126 мемлекеті 100 ұпайдан 50 ұпай жинаса, 50 мемлекет 30 баллдан аз жинады. Бұл — жемқорлық деңгейінің жоғары көрсеткіші. Бұрынғы КСРО мемлекеттері арасында жемқорлық таралуының ең төменгі көрсеткіші Эстония (21-ші орын), Литва (38), Латвия (40), Грузия (46) елдерінде тіркелген. Кейінгі орындарға Беларусь (68) және Армения (107) ие. Қазақстан жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 2017 жылы 31 балл жинап, 122 орынға ие болды. Қарастырылатын кезеңге қарағанда көрсеткіштер 11 позицияға жақсарған (133 орын — 2012 жылы). Қазақстан үшін 2017 жылғы көрсеткіштер «Трансперенси Интернешнл» рейтингісінде ең үздік болып табылады.
Басқарма басшысының айтуынша, азаматтардың жемқорлықпен соқтығысу деңгейі 10,9%-ға азайған. 2016 жылы респонденттердің 29%-ы пара бергендерін мойындаса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 39,9% төңірегінде болған.
— Ұлттық баяндамаға сүйенсек, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында сыбайлас жемқорлықтың таратылу деңгейі соңғы бес жыл ішінде айтарлықтай азайған. Сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуі үшін үлкен потенциал басқа да өңірлер де бар, — деді Назымбек Бекежанов.
Абзал Қабдраш
Фото: ӨКҚ