Қызылорда облысына іссапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Тарас Хитуов пен Балайым Кесебаева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында депутаттар Тұңғыш Президент Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алға қойған міндеттеріне сәйкес Парламенттің заңнамалық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Өз кезегінде департамент басшысының м.а. Ардақ Ерсейтов Агенттік төрағасының қойған міндеттерін орындау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басым бағыты ретінде профилактикалық шаралардың, соның ішінде превенцияның маңыздылығын атап өтті.
Әсіресе, қылмыстың алдын алу, бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар халық қалаулыларының назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, департамент басшысы жүйелі жемқорлықты жою, басшылық лауазымдағы тұлғалардың мемлекет қаражатын ұрлау, парақорлық фактілерін әшкерелеу, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жедел сүйемелдеу шараларының айрықша бақылауда екендігін жеткізді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзудың салдары мен оның шарттарын жоюды еңбек ұжымдарында қарау жұмыстарына да тоқталды. Осы мақсатта үстіміздегі жыл басынан бері 95 ұсыныс енгізіліп, оның 83-і қаралған. Ұсыныстарды қарау нәтижесімен құқық бұзушылықтарға жол берген 67 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Жиын соңында заңнама саласындағы маңызды мәселелерге қатысты пікірлер мен ұсыныстар айтылып, өзара ынтымақтастық жасауға тілектестік білдірді.