Оралбай Әбдікәрімов: «Әзірленіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия сыбайлас жемқорлықты жою жолындағы басты құжат болмақ»

766

«ЖАНАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінде Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалығымен кеңес өтті. Кеңеске арқау болған басты тақырып әзірленіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия. Құзырлы органдардан жемқорлықпен күрес жолындағы әдіс-тәсіл ұсынымдары жуырда жаңа құжат ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бекітілмек.

  • Бұл орайда «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің де қосар үлесі бар. Осы бағыттағы жиған-терген тәжірибемізбен біршама ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. Құжат президенттің жарлығымен бекітіледі. Сондықтан ол сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы басты құжат болады деп есептеймін, — деді сөз басында «ЖАНАРУ» РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.

Одан өзге кеңес отырысында жаңадан құрылған Ұлттық кеңеске қатысты да ой-пікірлер айтылды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар тарапынан «ЖАНАРУ» РҚБ-нің күз айында Орал қаласында өткелі жатқан республикалық деңгейдегі конференцияға дайындығы сөз болды.

  • Орал қаласында күз айында үлкен конференция өткізу жоспарланып отыр. Филиал басшысы Ақсерік Әйтімовтің тарапынан осындай ұсыныс түсті. Біз оны қолдап отырмыз. Себебі, осыған дейін республикалық көлемде ұйымдастырған конференцияларымыздан нәтиже көріп отырмыз. Оған түрлі құқыққорғаушы органдардан мамандар қатысып сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау жұмыстарына қатысты заңнамалық құжаттар қызу талқыға түседі және одан қорытынды шығарылады. Алдағы өткелі жатқан үлкен жиын да өз нәтижесін береді деп күтілуде, — деді Оралбай Әбдікәрімов.

Кеңес отырысына Мэлс Семгалиев, Батыржан Ашитов, Дәулеткерей Рахметуллин, Нұрлан Баймурзаев, Тауфик Каримов, Қабдолла Алиев, Сейтжан Қойбақов қатысып жоспарланып отырған іс-шараға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Менш.ақп.