Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет онлайн форматтағы қоғамдық тыңдауға қатысты

114

Нұр-Cұлтан қаласында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен онлайн форматта қоғамдық тыңдау өткізілді.


«ҮЕҰ-ы, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» тақырыбында өткен жиынға «ЖАҢАРУ» РҚБ төраға орынбасары, жоба жетекшісі Дәулеткерей Рахметуллин модераторлық етті.
Онлайн режимдегі қоғамдық тыңдауға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев, Қызылорда облыстық «NurOtan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңес төрағасы Махсұт Нәлібаев, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының директоры Қажденбек Баймаханов қатысты. Сонымен бірге Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, «Aqmeshit-Adaldyq alany» жобасының жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов және мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ-ң өкілдері, «NurOtan», ҚХП, «Ақ Жол» «Ауыл» партияларының өкілдері ортақ тақырып аясында ой бөлісті.

Қоғамдық тыңдау өткізудің мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа азаматтық сектор өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру. Сондай-ақ, халықтың құқықтық сауаттылығын, нормативтік-құқықтық актілердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет сөз алып, сыбайлас жемқорлықпен күресу мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, ашықтық қағидатын енгізу бағытында өңірде атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталды.

— Мемлекет басшысы бұл құбылыспен күресудің өзектілігі мен маңыздылығын нақты айқындап, алдымызға жаңа бағыттарды белгіледі. Облыс әкімінің төрағалығымен ведомствоаралық сипатта құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия тұрақты негізде жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта «Ақмешіт — адалдық алаңы» жоба аясында бүгінде 144 ауылдық округте «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысшы топтары құрылды. Кеңсе алаңында тиісті лауазымды тұлғалардың қатысуымен 15 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Облыста мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық аудан, қала орталықтарында «Сервистік ашық әкімдік» орталықтары ашылып, жұмыс жасауда. Мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашықтығы мен қолжетімділігін күшейту үшін «Open space» жобасы да жолға қойылды. Облыс бойынша 304 мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары бірінші қабатқа ауыстырылып, 60 мекеме осы форматқа сәйкестендірілді,-деді Серік Ахмет.
Аймақта мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру бойынша 173 мемлекеттік қызметтің 141 қызмет түрі автоматтандырылды. Жемқорлық көріністерін алдын алуға бағытталған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған құқық бұзушылықтар саны 46 пайызға төмендеген.
Бүгінде мемлекеттік органның ашықтығы бойынша «Ашық диалог» порталында облыс әкімінің блогы жүргізіледі. Платформа арқылы түскен 125 сауалға белгіленген тәртіппен тиісті жауаптар берілді.

Қоғамдық тыңдауда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ой-сананы жетілдіру, құқықтық сананы ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Ал,өзге спикерлер сыбайлас жемқорлықты алдын алуда азаматтық қоғам өкілдерін және «Adaldyq alany» жобалық кеңселерін жұмылдыра отырып, пікірталас және оқыту алаңдарын, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қоғамдық тыңдау соңында «ЖАҢАРУ» РҚБ төраға орынбасары, жоба жетекшісі Дәулеткерей Рахметуллин Қызылорда өңірінде бірлескен жұмыстардың жүйелі түрде іске асып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл жұмыстар азаматтық қоғамдағы ашық диалогты байланыс деңгейін жақсартуға оң септігін тигізетінін жеткізді.