Мемлекеттік қызметкерге 4700 теңге бірлік салған азамат 353 500 теңге айыппұл төлемек

103

Пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне бірлік салған пробациялық есепте тұрған азаматшаға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Нақты айтар болсақ, Қызылорда қаласында пробация бақылауында жүрген Т.Д. есімді азаматша қалалық пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне 4700 теңге бірлік салған. Ол заң жүзінде тиым салынған сыйақы болып табылады.

Пробация қызметкері азаматшаның іс-әрекеті туралы өзіндік қауіпсіздік қызметіне баяндаған. Өз кезегінде, заңсыз сыйақы бойынша тиісті акті толтырылып, акт Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолданды.

«Лауазымды тұлғаға заңсыз сыйақы бергені үшін аталған азаматшаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 676-бабына сәйкес хаттама толтырылып, сот қаулысымен 353500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кету керек, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген қызметкерге немесе оған теңестiрiлген адамға көлемі 2 АЕК (5050 теңге) көрсеткішке дейінгі ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көрсету заңсыз сыйақы болып табылады. Ал, ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көрсету 2 АЕК-тен асқан жағдайда ол пара болып табылады», — деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Мұрат Ысқақов.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында заңсыз сыйақы беру бойынша 4 әкімшілік іс қозғалып, 1414000 теңге айыппұл салынған.