Маңғыстауда білім жүйесіндегі жемқорлықпен күрестің жаңа жолдары айқындалды

1923

Осы ретте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен Қазақстан теңіз университеті бірлесіп «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасының фронт-офисі мен «Адалдық дүкенін» ашты.

Департамент басшысының орынбасары Қайрат Байгебаевтың сөзінше, жоба білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамау үшін жағдай жасау  және еліміздің білім беру мекемелерінде озық тәжірибені одан әрі пайдалану үшін пилоттық бағыттарды іске асыру негізінде құрылған.

— «Адалдық дүкенінің» ашылу мақсаты – студенттер мен жастардың бойына адалдық қасиеттерін сіңіру, оларды әдептілікке баулу болып табылады, — деді өз кезегінде университеттің проректоры Ақылбек Ахметов.

Аталмыш сауда орнында кез-келген студент сатушысыз өзіне қажетті тауарды белгіленген құны бойынша тиісті бағасына сатып алып, ақшасын арнайы қойылған кассаға өткізеді. Осылайша жастар қулық пен қиянат сынды жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, өзін адалдыққа және әділдікке тәрбиелей алады.Іс-шара барысында департамент пен Қазақстан теңіз университеті арасында жобаны іске асыру бойынша меморандумға қол қойылып, облыс аумағындағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының тарапынан жобаның жауапты тұлғалары бекітілді.

Ақпарат көзі: ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі