Маңғыстау облысында «Адалдық сағаты» өтті

555

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыстағы білім беру мекемелерінде  жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты»  өткізілді. 
         Аталған шара аясында   «Жаңару»  сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Дайрабай Үсіпбаев Ақтау қаласындағы №13 мектеп-гимназиясының ұжымымен,  оқушыларымен кездесті.

Дайрабай Үсіпбаев кездесу барысында жалпыреспубликалық «Адалдық сағатының»  өткізудегі мақсатын түсіндіріп, адам бойындағы адал қасиеттер туралы сөз қозғады.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші еліміздің ертеңі жарқын,  келешегі кемел болсын десек, ең алдымен жастар тәрбиесіне, яғни мына сіздерге, мектеп жасындағы жастарға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Ата-бабаларымыздан келе жатқан «өз ісіңе адал бол», «біреудің ала жібін аттама», «арым-жанымның садақасы», «кісі ақысын жеме!» деген сияқты ұлағатты сөздердің астарында да үлкен тәрбиелік мән жатыр. Міне, осы айтылғандай  әрбір әрекетімізге әділдікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен қарап, жұмысымызды абыроймен атқаруымыз керек. Бүгінде қоғамда сыбайлас жемқорлық дерті дендеп тұр. Мұндай келеңсіздікке  тек адами қасиеттерімізбен ғана қарсы тұра аламыз.  Ол үшін әрбіріміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік  қағидасын ұстануымыз керек.
Сіздер мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ өздеріңізді,  іні-қарындастарыңызды, достарыңызды пара алу,  пара беру, «бармақ басты,  көз қысты»  әрекеттерден аулақ болуға шақырып,  оның зардабының ауыр екенін шын ұғынуларыңыз керек. Сіздер мектепте тек білім алып қана қоймай,  нағыз адам болып қалыптасуларыңыз керек.  Айналадағы жағымсыз факторларға сыни көзбен қарап, салауаттылықты жандарыңызға серік етулеріңіз шарт.  Өз көзқарастарыңыз, өз пікірлеріңіз болуы керек.  Достарыңыздың алдында сыйлы, ұстаздарыңыздың мақтанышы болу үшін де ең алдымен сіздердің бойларыңыздан, жоғарыда айтылғандай адалдық, парасаттылық,  әділдік,  сенімділік сияқты адами қасиеттер табылуы тиіс.  Сонда ғана тұлға болып қалыптасып, келешекте өз армандарыңызға жетуге осы қасиеттеріңіз себеп болатынына сенемін, — деді Дайрабай Үсіпбаев өз сөзінде.

Одан әрі баяндамашы статистикалық мәліметтерге сүйене  отырып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты  қылмыстарды  мысалға келтірді.  Оның мемлекеттің экономикасына, қоғам дамуына кері әсерін кеңінен түсіндірді.  Оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа, әділеттілікке, имандылыққа шақыратын әсерлі әңгіме қозғады.

Жиынға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып,  ой-пікірлерін білдірді.

Менш.ақп.