Маңғыстау гуманитарлық колледжінде өзекті мәселелер талқыланды

7525

«Маңғыстау — адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған шара Мұрын жырау атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжінде де өтті.  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен білім беру саласындағы жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамалар нәтижесі  бұл жерде де тілге  тиек болды. Жиынға колледж басшысы мен оқытушылары, облыстық білім басқармасының және арнайы мониторинг тобының өкілдері қатысты.

Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова өз сөзінде оқу орындарында академиялық адалдықты қалыптастастыруға бағытталған жобаларды және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы маңызы туралы айта отырып, жасырын сауалнама нәтижесінде аталған колледж студенттерінің берген жауаптарының нәтижесіне тоқталып өтті. 

Бұдан бөлек, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеу және жұртшылықтың әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында өңірімізде ашылған «Адалдық дүкендерінің» қызметімен таныстырды.  Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл лекторлық топ мүшелері қатысушыларды сыбайластықтан сақтануға шақырып, жемқорлықтың зардабын түсіндірді. Өз кезегінде басты бағыты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталған «ЖАҢАРУ» РҚБ өкілі Дайрабай Үсіпбаев нақты мақсат пен нық қадам жайлы сөз етті.

  • Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы — отбасындағы тәрбие. Егер әрбір ата-ана өзінің баласын кішкентай кезінен бастап адалдыққа, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға үйретсе, жалпы адамгершілік құндылықтарды бала бойына сіңіре білсе, сонда ғана нәтиже болмақ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу тек қана уәкілетті органның міндеті емес, бұл жұмысқа қоғамның барлық әлеуметтік топтары жұмылдырылуы қажет, — деді   «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ  Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дайрабай Үсіпбаев.

Менш.ақп.