Мәжіліс Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты мақұлдады

196
parlam.kz

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды.

Олар Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт және 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобалары. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде Нью-Йоркте БҰҰ-ның штаб-пәтерінде жасалған болатын.

Шарттың негізгі мақсаты — халықаралық-құқықтық алаңда ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі олқылықты жоятын заңды тұрғыдан міндетті құжатты қабылдау. Құжатқа сәйкес әрбір қатысушы мемлекет ешқашан және қандай да болмасын жағдайларда да ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сынамауға, жасамауға, дайындамауға, өзге де тәсілмен сатып алмауға, иеленбеуге және жинамауға міндеттенеді.

Ал екінші заң жобасы әскери мақсаттағы өнімнің бағасы өнім беруші Тараптың ұлттық қарулы күштер, өзге де әскерлер, әскери құралымдар, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтер өздерінің мұқтажы үшін сатып алатын әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді реттейтін ұлттық заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.

Осы күні Мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар М.Айсина, М.Қазбекова, И.Смирнова, К.Мұсырман, Е.Никитинская, А.Қоңыров, Ж.Омарбекова, А.Перуашев.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов). 

Ақпарат көзі: parlam.kz